Студенттік шәкіртақы ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметті дамытуға серпін береді
Жыл сайын Қазақстанның ондаған студенті Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атаулы шәкіртақысына ие болады. Көпшілігімен жетістігі, табысы мен талпынысы туралы біздің жазбалар арқылы таныссыздар. Жас таланттар туралы жазба кейбіріңізді шабыттандырып, ой салады. Енді сіз де біздің байқауда бағыңызды сынап көре аласыз.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры студенттік шәкіртақының кезекті республикалық байқауын жариялайды. Ол 2010 жылдан бастап жоғары және орта арнаулы (өнер және мәдениет) оқу орындарының күндізгі оқу бөлімі студенттерінің оқу, ғылыми және шығармашылық қызметін ынталандыру мақсатында өткізіліп келеді.
Байқауға қатысу үшін мынадай талаптарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасы оқу орындарының күндізгі оқу бөліміндегі студенттерін шақырамыз:
• кемінде екі курсты сәтті аяқтағандар;
• әрбір оқу жылындағы академиялық үлгерімнің жоғары көрсеткіштері (үздік үлгерімі) бар;
• қоғамдық және ғылыми-зерттеу қызметіне белсенді қатысатындар.
• республикалық, халықаралық фестиваль мен байқауларда жетістікке жеткендер («Өнер және мәдениет» бағыты бойынша оқу орындарының студенттері үшін).
Айта кетейік, байқауға барлық талапқа сай келетін тегін және ақылы негізде оқитын студенттер бірдей шартпен қатыса алады. Қордың шәкіртақысы дербес, бір оқу жылына (екі семестрге) белгіленеді және маусым, шілде және тамызды қоспағанда ай сайынғы негізде төленеді.
Байқау ережесі мен өтініш үлгісін осы сілтеме бойынша көріңіз.
Барлық үміткерге сәттілік тілейміз және Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаттары қатарынан көргіміз келеді.