«Жеңістерге бірге» атты VI Паралимпиадалық старттарға 180 адам қатысты
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Ұлттық Дельфий комитетінің «Жеңістерге бірге» паралимпиадалық старттары жас спортшылар үшін әрқашан маңызды іс-шара, себебі олар өздерінің зияткерлік, физикалық қабілетін көрсетіп, еліміздің өзге өңіріндегі құрдастарымен танысуға жол ашады.
Қонаев қаласының «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өткен VI паралимпиадалық старттар 14 пен 18 жас аралығындағы ерекше қажеттілігі бар 180 баланың басын қосты. Бұл жолы олар Қазақстанның 8 өңірінен: Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Түркістан, Павлодар облыстары мен Астана қаласынан жиналды.
Балалар волейбол, тоғыз құмалақ, асық ату, жүзу және жұптасып билеу сынды 5 спорт түрінен сайысты.
Айта кетейік, бұл жарысты бастапқыда Ұлттық Дельфий комитеті 2017 жылы бастаған. Жоба басталғалы еліміздің 13 өңірінен 950 жас спортшы қатысты.
- Паралимпиадалық старттардың ең үлкен пайдасы, олар бейімдік дене шынықтыруды насихаттап, дамытады, ерекше қажеттілігі бар дарынды адамдарды анықтайды. Өйткені, оларға қолдау мен назар аудару өте маңызды. Сол себепті мұндай іс-шараларды өткізу өте маңызды, - дейді Павлодар қаласынан келген волейбол командасының жаттықтырушысы Александр Таранченко.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орын алғандар:
- «АРБАМЕН БИЛЕУ» - Ақжаркенова Ақнұр (Алматы облысы), Вретиков Олег және Әлжанқызы Әсем (Түркістан облысы);
- «ТОҒЫЗ ҚҰМАЛАҚ» - Қайыржан Тілеухан (Ақмола облысы), Әубәкірова Аяна (Павлодар облысы);
- «АСЫҚ АТУ» - Аденов Рашид (Жетісу облысы), Ли Анита (Павлодар облысы);
- «ЖҮЗУ» - Серікқызы Қарақат (Алматы облысы);
- «ВОЛЕЙБОЛ» - Павлодар облысының командасы.
Жалпы командалық есепте 3 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алған Павлодар облысының құрамасы үздік атанды.
Жүлдегерлерге медальдар, кубоктар және спорт тауарларын сатып алуға арналған сертификаттар берілді.