news-img

Алматы маңындағы Іле-Алатау ұлттық саябағы аумағында «ЖасSTAR» халықаралық шығармашылық жастар фестивалі басталды. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастыратын мәдениет пен өнер қайраткерлері білім мен тәжірибе алмасатын жыл сайынғы диалог алаңы. Биыл фестиваль open air форматында 20-23 маусым аралығында өтеді.

«ЖасSTAR» фестивалінің бағдарламасына театр, драматургия, кино, вокал, электронды музыка, заманауи өнер, би, жаңа медиа, поэзия, әдебиет және креативті индустрия саласын қамтитын іс-шаралар кіреді. 2009 жылдан бастап шығармашылық жастар фестивалі жетекші өнер қайраткерлері мен еңбек жолын жаңадан бастаған креаторлар мен әртістер арасында сұранысқа ие әрі басты оқиғаның біріне айналды. Осы уақыт ішінде «ЖасSTAR» орынды, тұжырымдаманы, бағытын, ауқымын өзгертті, бірақ жас өнер иелерінің кәсіби қалыптасуы мен дамуы үшін қолдау көрсетуден жаңылған жоқ.

— Биыл фестиваль 200-ден астам жас креаторды, жаңашыл идеясы мен тың көзқарасы бар «жаңа сахна» деп аталатын креавтивті сынып өкілдерінің басын қосты. «ЖасSTAR – 2023» тәжірибе алмасу, мотивацияны арттыру мен пайдалы нетворкинг үшін таптырмас алаң болады. Биылғы жылы біз қатысушыларға фестивальдің жаңа форматын ұсынамыз. Біріншіден, ол алғаш рет ашық аспан астында өтеді, бұл қозғалыс, таңдау және белсенділікті білдіреді; екіншіден, бұл перформативті тәжірибе тұжырымдамасы, оның негізгі қағидасы – оған саналы түрде қатысу әрі көрермендермен қарым-қатынас. Бұл формат идея, жоба, шешім сынды қатысушылар мен көрермендердің бірлесіп жасаған жұмысын білдіреді, - деді фестиваль туралы Қор жанындағы мәдениет жөніндегі кеңестің төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев.

«ЖасSTAR» спикерлері Рус Бикетов, Ольга Батурина, Инна Апенко, Азиза Әмір, Анастасия Жарко, Аян Марокко, Сырлыбек Бекботаев, Жалил Мұқанбетов (Қырғызстан), Ярослав Клочков (Ресей), Евгения Казакова, Қуантай Әбдімәди, Паша Кас және басқа да көптеген танымал қайраткер болды.

Олар фестиваль қатысушылары үшін рublic talk, дәрістер, воркшоптар, панельдік пікірталастар, шеберлік дәрістері, artist talk, перформанстар, шығармашылық шеберханалар, тренингтер, семинарлар және т.б. өткізеді. Сонымен қатар, фестиваль аясында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының шығармашылық жобаларға арналған гранттар байқауы өтеді. Фестивальдің басты оқиғасы белгілі әртістер, еңбек сіңірген өнер қайраткерлері және халықаралық байқау лауреаттарының қатысуымен өтетін Қор лауреаттарының дәстүрлі концерті еді.

Түсініктеме қалдыру