news-img

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы ұйымдастырған форумға Қазақстанның, сонымен қатар, жақын және алыс шетелдердің 50 жоғары оқу орнынан, ғылыми орталықтары мен медициналық ұйымдарынан мыңнан астам жас ғалым мен студент қатысты.

Іс-шара аясында хирургиялық пәндер бойынша I халықаралық олимпиада, ғылыми жобалар байқауы және «Биология, медицина және фармацияны дамыту перспективалары» атты X Халықаралық ғылыми конференция өтті.

Айта кетейік, Х ғылыми конференциясы соңғы жылдары Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен өткізіліп келеді. Бұл жолы қатысушылар «Биотехнология және нанотехнология: болашаққа көзқарас», «Медицинадағы инновациялар: теориядан практикаға», «Жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың қазіргі экологиялық-гигиеналық және эпидемиологиялық аспектілері», «Мейірбике ісін жаңғырту», «Табиғи дәрілік заттар және олардың қолданудың болашағы» және т.б. ғылыми баяндамалар ұсынды.

Форумдағы басты мәселенің бірі хирургиялық пәндер бойынша олимпиадаға арналды, онда 3-5 курс студенттері мен 6-7 курс интерндері қатысып, 12 түрлі байқауда өздерінің тәжірибелік дағдысын көрсетті.

Ал ғылыми жобалар байқауына 18 баяндама болды, оның бесеуі «Galamat Group» холдингінің арнайы ақшалай сыйлығымен марапатталды. Гран-приді «Сүт безі обыры бар науқастардағы ұйқының бұзылуын басқару: озық тәжірибені енгізу жобасының» авторлары жеңіп алды. I орынды «Балалардағы өңештің күйіктерін емдеуге арналған инновациялық 4 зондты әзірлеу" жобасы, II орынды «Босану паритетіне байланысты акушерлік қан кету кезіндегі реттеуші аутоантиденелер деңгейінің өзгеру ерекшеліктері», ал III орын «Суды инкапсуляциялау» жобсына берілді.

Ұйымдастырушылар форумда талқыланған ғылыми зерттеулердің нәтижелері барлық қатысушыға пайдалы болады, ал ұсынылған ұсынымдар тәжірибеде қолданылады деп үміттенді.

Форумға ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы да қолдау көрсетті.

Түсініктеме қалдыру