news-img

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Алматы қаласы және Алматы облысының балалар үйлері мен әлеуметтік мекемелерінің тәрбиеленушілеріне танымал мультфильм негізіндегі «Мұзды жүрек» интерактивті шоуын ұйымдастырды. 350-ден астам бала жаңа жылдық шоу-қойылымның көрермендері мен кейіпкерлері атанды. 

Балалар әйгілі оқиғаның жаңа кейіпкері – Феникс құсымен кездесті. Ал басты кейіпкер жалынға айналды. Айналаның бәрі – қар да, көпшіліктің сүйіктісі – Элизаның досы аққала да ери бастады. Жаңа жылға қауіп төнді. 

Мұзды хикаяның түйінін тарқатып, мерекені қайтару – жас көрермендерге жүктелді. Біздің ержүрек кішкентай кейіпкерлеріміз қызықты оқиғаға тап болды. Ертегі әлемінің тылсым тұрғындарымен кездесіп, апаттан аман өтіп, сиқыршыны жеңіп, Элизаны құтқарғаннан кейін қойылымға қатысушылар көптен күткен Жаңа жыл мерекесін қайтарды. 

Ертегі шоуының форматы балаларға ертегі кейіпкерлерімен тығыз араласуға мүмкіндік берді. Спектакль балалар психологтарымен бірлесіп әзірленді, осылайша оған қатысушылар ойын арқылы қарым-қатынасты, топтық жұмысты, логикалық ойлауды және басқа да танымдық дағдыларды дамыта алады. 

Кездесу соңында балалар Нұрсұлтан Назарбаев Қорынан атынан сыйлықтар алды. 

Айта кетейік, Қор бірнеше жылдан бері балалар үйлері мен әлеуметтік мекемелердің тәрбиеленушілері үшін жаңа жылдық қойылымдар өткізеді. Биыл қайырымдылық акциясы аясында Алматы қаласы мен Алматы және Ақмола облысының 27 мекемесі қамтылды.

Түсініктеме қалдыру