«Қамқорлық» ерте араласудың жаңа орталығы - Қарағанды облысындағы ерекше сәбилердің денсаулығына қамқорлық
Қарағанды облысында мүгедектігі бар бес мыңнан астам бала тіркелген. Мүгедектіктің себептері арасында жүйке жүйесінің аурулары мен туа біткен ақаулар басым. Дәл осы диагноздармен балалар ерте қалпына келтіруді және үнемі кешенді оңалтуды қажет етеді. Осыған байланысты өңірде «Қамқорлық» ерте араласу орталығы жұмысын бастады.
18 қаңтарда Қарағанды қаласының облыстық балалар клиникалық ауруханасында ерте араласу бөлімшесі салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының Бас директоры – «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы Альфия Адиева, «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева және «Қамқорлық Қоры» директорының орынбасары Гүлмира Әбілдинова қатысты.
«Қамқорлық» ерте араласу орталығы балаларды 2023 жылдың қыркүйегінен бастап қабылдады. Содан бері 385 бала көмек алды, оның ішінде 52 сәби жүре, ал 29 бала сөйлей бастады. Орталық жыл сайын нейро-ортопедиялық аурулары және олардың пайда болу қаупі бар 0-ден 3 жасқа дейінгі 600 баланы қабылдайды.
Мұнда невропатологтар, оңалту дәрігерлері, ЕДШ нұсқаушылары, психологтар, логопедтер және кәсіби терапевттер сынды мамандар жұмыс істейді, олар алдын-ала қайта даярлау және біліктілікті арттыру курсынан өтті. Алдағы уақытта халықаралық тәлімгерлерде оңалтудың дәлелденген тиімді әдістемесін бірнеше кезең бойынша оқыту көзделіп отыр. Мамандарды даярлау Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен ұйымдастырылды.
Баламен жұмыс бағдарламасын құру кезінде отбасының қажеттілігі мен мүмкіндігі ескеріледі. Бұған қоса, бағдарламаны іске асыруға бүкіл отбасы қатысуы керек. Балаға және отбасына көмек көрсетуде дәлелдеген тәсілдер мен әдістер қолданылады.
«Қамқорлық» орталығы «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Ресей және Қазақстанның заманауи медициналық оңалту және диагностикалық құрылғыларымен жабдықталған.
«Ерте араласу – бұл даму ерекшелігі бар балалар мен олардың отбасыларына пәнаралық және отбасылық көмек көрсету бағдарламасы. Мамандар мен ата-аналардың бірлескен жұмысы баланың жеке даму жоспарын жүзеге асыруда жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етеді. Бұл кешенді тәсіл көмек көрсету бағдарламасын мүмкіндігінше ерте бастауға мүмкіндік береді. Ерте жастағы мұндай қолдау құрдастарын қуып жетуге немесе көп артта қалмауға және ерекше балалардың балабақшада, мектепте, жалпы өмірде жетістікке жету мүмкіндігін арттыруға көмектеседі. Қазір Қазақстанда жоба ҚР Үкіметі, өңір әкімдіктері, «Қазақстан халқына» қоры, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ сынды жоба серіктестерінің бірлесуімен 15 мемлекеттік ерте араласу орталығы ашылды. Биыл тағы 5 орталық ашу жоспарланған», - деді «Қамқорлық қоры» Корпоративтік қоры директорының орынбасары Гүлмира Әбілдинова.