news-img

Қазақстан паллиативті көмек қауымдастығы «Паллиативті көмек көрсету мәселесі бойынша отбасы мен денсаулық сақтау қызметкерлерін ақпараттық-әдістемелік қолдау» жобасын таныстырды. Ол 2023 жылы Әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауы жеңімпазының бірі болған.

- Емделмейтін ауыр сырқаты бар 100 мыңнан астам адамға паллиативті көмек қажет. Олардың әрқайсысының айналасында қалай қамқорлық жасау керектігін, физикалық және психологиялық мәселені қалай шешуге болатындығын, көмекке қайда жүгіну керек, мұндай науқастарға ақысыз қызмет көрсету тәртібі туралы білімге мұқтаж отбасы мүшелері бар. Біз пациент пен оның отбасының ең өзекті мәселесіне жауап беретін материалдарды әзірледік. Осы жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік берген Нұрсұлтан Назарбаев Қорына алғыс айтамыз! – деді Қазақстан паллиативті көмек қауымдастығының президенті Гүлнәр Қоңырова.

Баспа және электронды түрде екі тілде материалдар әзірленді. Оған ауырсынуды бағалаудың бір диагностикалық шкаласы; 10 ақпараттық-әдістемелік парақшалар сериясы; «Паллиативті көмек» ақпараттық дәптері сынды «Паллиативті көмекке мұқтаж науқастарға үйде күтім жасау жөніндегі нұсқаулық», «Ауырсыну терапиясы», «Паллиативті көмекке құқығыңыз» атты үш әдістемелік құрал кірді.

- Біз Алматы мен Алматы облысындағы 380 отбасыға баспа нұсқасын таратып қойдық және олардың қандай сұраныста екенін көріп отырмыз. Сондықтан біз осы құжаттардың цифрлық нұсқасын өзге аймақтармен бөлісуге дайынбыз. Өйткені, бұл материалдар науқастардың туыстарына ғана емес, дәрігерлер, медбикелер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар сынды мамандарға да қажет, - деді жоба менеджері Гүлмира Мұқашева.

Жоба барысында еліміздің барлық 20 өңірі үшін вебинарлар өткізілді. Оларға 1300-ге жуық адам қатысты. Олар әзірленген материалдардың сапасы мен практикалық маңыздылығын жоғары бағалады. Вебинар барысында үйде паллиативті көмек көрсетудің, паллиативті науқастарды психологиялық, ақпараттық, әлеуметтік-құқықтық және медициналық қолдаудың өзекті мәселесі қызу талқыланды.

Естеріңізге сала кетейік, 15 сәуірге дейін ҮЕҰ-дан «Қазақстандықтардың білімін арттыру – әл-ауқаттың өсуіне жол» атты XX әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауына өтінім қабылдау жалғасады. 

Түсініктеме қалдыру