news-img

Қарағандыда 26 қараша күні өңір үшін маңызды оқиға болды – нейро-ортопедиялық бұзылыстары бар балаларға арналған «QH» мемлекеттік оңалту орталығы салтанатты түрде ашылды. Жаңа орталық ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға кешенді әрі сапалы оңалту қызметін ұсына отырып, қолдау көрсетеді.

Ашылу рәсіміне Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков, «Қазақстан халқына» қорының стратегиялық жоспарлау және донорлармен өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Шыңғыс Шарапиев, «ERG Комек» КҚ директоры Мәди Исмаилов және «Қамқорлық қоры» КҚ директоры Арайлым Еркінова қатысты.

Орталық көпбейінді облыстық балалар ауруханасының базасында орналасқан. 2023 жылы мұнда «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесі жұмысын бастады, онда жүздеген балаға көмек көрсетілді. 2024 жылдың 11 айында оңалту бөлімшесі дамуында бұзылысы бар және олардың пайда болу қаупі бар 1200-ден астам баланы қабылдады.

Енді Қарағандыда да бала денсаулығын туған сәттен бастап ересек жасқа дейін үздіксіз бақылауға мүмкіндік беретін ерекше оңалту моделі енгізілді. Мұндай тәсіл балалардың мүгедектік деңгейін төмендетіп, олардың толыққанды өмір сүруіне жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектеседі.

Орталықта невролог-дәрігерлер, оңалтушылар, логопедтер, дефектологтар, ЛФК нұсқаушылары және психологтар кіретін кәсіби мультидисциплинарлық команда жұмыс істейді. Барлық маман оңалтуда көп жылдық практикалық тәжірибесі бар үздік оқыту орталықтарында біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарынан өтті. Алдағы уақытта қызметкерлерді оңалту саласындағы өзекті бағыттар бойынша шетелдік тәлімгерлермен оқыту жоспарлануда. Мамандарды оқытудың барлық кезеңін Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қаржыландырады.

«QH» орталығы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Ресей және Қазақстан өндірісінің заманауи медициналық құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Бірегей технологиялардың қатарында БОС терапия кабинеттері, интерактивті және сенсорлық бөлмелер, сондай-ақ иммерсиялық ванна бар. Мұндай жабдықтар кешенді оңалтуды ең жаңа әдістер мен тәсілдерді қолдана отырып жүргізуге мүмкіндік береді.

«Оңалту орталығының ашылуы – біз үшін маңызды оқиға, әсіресе біздің компаниямыздың туған өңірі Қарағанды облысында. Биыл біз ERG-нің 30 жылдығын атап өтіп жатырмыз, ал бұл орталық – еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға және инклюзивті қоғамды қолдауға қосқан үлесіміз. Біз балаларға толыққанды өмір мен әлеуметтік бейімделуге мүмкіндік беріп, көмектесе алатынымызды мақтан тұтамыз. Бұл әркім тең мүмкіндіктерге ие болатын инклюзивті Қазақстанды құру жолындағы тағы бір қадам», – деді Eurasian Resources Group компаниясының Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажанов.

«Қарағандыдағы жаңа орталық – балаларға үйіне жақын жерде сапалы көмек көрсету үшін мемлекеттік оңалту мекемелері желісін құру бағытындағы жұмысымыздың жалғасы. 2020 жылдан бері 18 оңалту орталығы және 17 ерте араласу орталығы ашылды, бұл 52 000-нан астам балаға көмек көрсетуге мүмкіндік берді. Біздің серіктестеріміз – «Қазақстан халқына» қоры, «Самұрық-Қазына» АҚ, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры және өңір әкімдіктерінің қолдауы осы миссияны іске асыруда негізгі рөл атқарады. 2025 жылдың соңына дейін өңірде аутизм диагнозы бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығы ашылады, бұл қажетті көмекке мұқтаж отбасыларға көптеп көмек көрсетуге мүмкіндік береді», – деді «Қамқорлық қоры» Корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова.

 

 

 

Түсініктеме қалдыру