Игорь Рогов Мәскеу қ. халықаралық конференцияға қатысты
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Рогов Игорь Иванович «Халықаралық жеке құқықты дамытудың үрдістері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.
Конференция Мәскеу қ. Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтында өткізілді.
Іс-шараға Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының жетекші ғалымдары, ғылыми қауымдастық өкілдері, елдің озат жоғары оқу орындарының оқытушылары, атқарушы биліктің федералдық органдарының өкілдері, арбитражды сот, жалпы құзыреттегі соттардың судьялары, жетекші ресейлік арбитражды мекемелердің арбитрлары, сондай-ақ таяу және алыс шетелдің ғалымдары қатысты.
Форум барысында И. Рогов халықаралық заң қоғамдастығын Елбасы Қорының халық арасында құқықтық білімді тарату, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев әзірлеген Республиканың құқықтық жүйесін жаңғырту бағдарламасының орындалуына жәрдемдесу және ел басшылығы жүзеге асыратын құқықтық саладағы одан әрі қайта құрулар жөніндегі қызметі туралы хабардар етті.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының Сот және арбитраж жұмысы туралы, сондай-ақ жақында құрылған АХҚО құқық академиясының қызметі туралы ақпараттары конференция қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды. Қормен және АХҚО академиясымен тығыз ынтымақтастық орнату туралы тілектер айтылды.
Конференция қорытындыларын «Ресей құқығы журналында» және «Шетелдік заңнама және салыстырмалы құқықтану журналында» жариялау жоспарлануда.