«QH Аудандық оңалту орталықтары» жобасы аясындағы үшінші орталық Жақсы ауданында ашылды
Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақмола облысының Жақсы ауылында балаларды оңалтудың жаңа орталығы салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева және Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы қатысты.
Жаңа орталық Жақсы аудандық ауруханасының базасында ашылды, жыл сайын 600 балаға дейін қабылдай алады. Орталық Жақсы, Есіл және Жарқайың аудандарында тұратын мүгедек балаларға сапалы оңалту көмегін көрсетеді.
Ақмола облысының әкімдігі орталық үшін ғимарат беріп, бірыңғай дизайн-тұжырымдамаға сәйкес жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен «Қамқорлық» КҚ орталық мамандарының біліктілігін арттыруды ұйымдастырып, қаржыландырды.
Орталық «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен әлемдік деңгейдегі заманауи оңалту құралдарымен жабдықталған. Мұнда Ottobock вертикализаторлары, Rifton қозғалыс реабилитациясы жүйелері, Tyrostation және Thera Trainer көпфункционалды тренажерлері, «Атлант» пневмокостюмдері, сондай-ақ «Головастик» және «Кузнечик» инновациялық жаттықтыру жүйелері бар. Қосымша орталық интерактивті және сенсорлық бөлмелермен, шунгит және тұз шахталарымен, сондай-ақ гидротерапияға арналған ерекше иммерсивті ваннамен жабдықталған.
Орталықтың жұмысы көпсалалы тәсіл негізінде ұйымдастырылған. Орталық мамандарының ұжымы неврологтардан, реабилитологтардан, логопедтерден, ЕДШ нұсқаушылары мен дефектологтардан, еңбек терапевттері мен психологтардан тұрады.