news-img

Шымкенттің тумасы 20 жастағы Жібек Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының 4-курсында «Фармацевтика өндірісінің технологиясы» мамандығы бойынша оқиды. Ғылымға деген құштарлығы мен фармацевтика саласын дамытуға деген талпынысының арқасында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты атанды. 

Табыс жолы 

Оқудың алғашқы жылы-ақ Жібек өзінің болашағын ғылыми зерттеулермен байланыстыруды мақсат еткен. Оның басты арманы – тиімді әрі қауіпсіз дәрі-дәрмектерді жасауға үлес қосу. 

- Ғылым мен үшін күрделі сұрақтарға жауап табу, жаңа әрі қоғамға пайдалы дүниелер жасауға деген мүмкіндік. Фармацевтика өнеркәсібі – адамдардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды саланың бірі. Жаңа дәрі-дәрмектерді жасап шығару арқылы науқастарға көмектесіп қана қоймай, емдеу әдістеріне деген көзқарасты өзгертіп, оларды қолжетімді әрі тиімді етеміз, – дейді Жібек Сламбек

Ғылыммен қоса, Жібек еріктілікпен белсенді айналысып, қоғамдық бастамаларға қатысады. Сонымен қатар, сурет өнеріне қызығады. Бұл хобби шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға және ғылыми жұмыста тың шешімдер табуға көмектеседі деп есептейді. 

Жетістіктері 

Еңбексүйгіштігі мен мамандығына деген адалдығының арқасында Жібек түрлі деңгейдегі сайыста көптеген жетістікке жетті. Ғылыми зерттеу жұмыстары бірнеше рет конференция мен байқауда үздік деп танылды. Ол өз жобаларында фармацевтикалық өндірістің өзекті мәселесін зерттеп, жаңа буын дәрі-дәрмектерін жасауда инновациялық шешімдер табуға тырысады.  

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының шәкіртақысы 

- Қордың шәкіртақысы жай ғана қаржылай қолдау емес, сонымен қатар, ғылыми және шығармашылық еңбегімнің мойындалуы. Бұл халықаралық конференцияларға қатысуға, зерттеулермен айналысуға және жаңа идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – дейді Жібек

Қазақстан жастарына берер кеңесі 

- Өзіңізге сеніңіз және үлкен мақсаттар қоюдан қорықпаңыз! Өзін-өзі дамыту үшін барлық мүмкіндікті пайдаланыңыз – байқауларға қатысыңыз, салаңызды терең зерттеңіз, жаңа сын-қатерден қорықпаңыз және тәжірибе жасаудан жалықпаңыз. Бір нәрсе қиын болып көрінсе де, есіңізде болсын: еңбек, білім және табандылық міндетті түрде табысқа бастайды! – дейді қазақстандық жастардың жігерін жаныған дарынды студент.  

Түсініктеме қалдыру