Қор стипендиаты Диляра Мұқанова: Өнер адамға білімді, эмоцияны және сезімді бір мезетте бөлісу қабілетін береді

Диляра үшін музыка балалық шақтан бастап өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұған қызының қызығушылығын байқап, оны Қарағандыдағы арнаулы мектеп-интернатқа жіберген ата-анасының үлесі зор. Сол жерде ол орындаушылық шеберлікті меңгерумен қатар, музыкатану, композиция және музыкалық теорияға деген сүйіспеншілігі пайда болды. Қазір Диляра ҚазҰӨУ колледжінің үшінші курсында оқып, өнерін шыңдап келеді.
Табыс жолы
Скрипкада ойнаумен қатар, Диляра түрлі байқауға, конференцияға және ғылыми зерттеуге белсенді қатысады. Бос уақытында басқатырғыштар жинағанды жақсы көреді, әсіресе Рубик текшесін жылдамдыққа құрастырумен айналысады. Сондай-ақ, ол филателияға қызығады, композиторлар мен мәдениет қайраткерлері бейнеленген пошта маркаларының коллекциясын үнемі толықтырылып отырады. Бұған қоса, Диляра театрға жиі барады, оның опера және балет қойылымдарының бағдарламалар жинағы қазірдің өзінде 16 данадан асты.
Жетістіктері
Оқу орнында оқи жүріп Диляра көптеген жетістікке қол жеткізді. Ол Қарағанды филармониясының оркестрімен 2016, 2017 және 2019 жылдары жеке орындаушы ретінде өнер көрсетті. Сондай-ақ, беделді халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты атанды. Жақында оның ғылыми мақаласы Челябідегі «Мәдениет әлемі: өнер, ғылым, білім» атты жинағында жарияланып, оның ғылым жолындағы маңызды оқиғаға айналды.
— Көпшіліктің менің орындауымдағы музыкалық шығармаларды, баяндамаларды немесе өзім жазған туындыларды тыңдап, жағымды эмоция сезініп, жаңа дүние үйренуі мен үшін керемет сезім. Өнер адамға білімді, эмоцияны және сезімді бір мезетте бөлісу қабілетін береді, — дейді Диляра Мұқанова.
Қор шәкіртақысы
Қор шәкіртақысы туралы Диляра екінші курс оқып жүргенде, бұл марапатты жоғарғы курс студенттері алған кезде білді. Ол да осы стипендияға үміткер бола алатынын түсініп, байқауда бағын сынады. Оған колледж оқытушылары мен қызметкерлері көмектесіп, отбасы әрдайым қолдау көрсетіп, алға ұмтылуға жігер берді.
Қазақстан жастарына берер кеңесі
Диляра замандастарына білім алуға, жаңа нәрселер үйренуге және әлеуетін арттыру секілді қазіргі заманның барлық мүмкіндігін сарқа пайдалануға кеңес береді.