Президенттік орталықта «Президенттік институт: Әділетті Қазақстан» көрмесі ашылды

Президенттік орталықта Қазақстанда президенттік институттың қалыптасуының негізгі кезеңдерін, тәуелсіздікті нығайту мен дамытудағы маңызды рөлін көрсететін экспонаттар ұсынылды.
Мұнда еліміздегі президенттік институттың 35 жылдығына арналған «Президенттік институт: Әділетті Қазақстан» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Көрме экспозициясы музей, архив және кітапхана қорындағы бірегей материалдар негізінде әзірленген.
Экспозицияға ҚР Президенті Әкімшілігі, Орталық сайлау комиссиясы ұсынған материалдар, сондай-ақ, Мемлекет басшысына тапсырылған дипломатиялық сыйлықтар да енгізілген.
Көрмеде келушілердің назарына 100-ден астам экспонат ұсынылған. Олардың қатарында архивтік құжаттар, сирек фотоматериалдар және құнды музейлік заттар бар.Экспозицияда Қазақ КСР-інде Президент лауазымының құрылу кезеңдері баяндалып, мемлекет басшыларының қызметі арқылы президенттік биліктің эволюциясы көрсетілген.
Көрмені алғашқылардың бірі болып мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен еліміздің жетекші ғалымдары тамашалады. Көрме 2025 жылы 17 мамырға дейін жалғасады.