Президенттік орталықта Қазақстандағы президенттік институттың 35 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

Президенттік орталық Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен «Қазақстан Республикасындағы президенттік институт: эволюциясы, сын-қатерлері және болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шара президенттік институттың құрылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, ғылыми мекемелердің, жоғары оқу орындарының өкілдері мен сарапшыларды қосқанда 40-тан астам адам қатысты.
Қатысушылар Қазақстандағы президенттік биліктің қалыптасуының негізгі кезеңдерін, оның саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін, сондай-ақ, қазіргі сын-қатерлер мен даму болашағын талқылады.
Талқылау барысында президенттік институттың қалыптасуындағы тарихи аспектілерге ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, 1990 жылдың 24 сәуірінде қабылданған «Қазақ КСР Президенті лауазымын енгізу туралы» Қазақ КСР Заңы еліміздің егемен саяси жүйесінің қалыптасуындағы бетбұрыс кезең болды.
Кездесу қатысушылары президенттік институт елдің тұрақты дамуына, мемлекеттік биліктің сабақтастығын қамтамасыз етуге және уақытылы қимылдауға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Сонымен қатар, қатысушылар соңғы жылдардағы басқару үлгісінің трансформациясына – атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын іске асыру мәселесіне назар аударды.
Дөңгелек үстел мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, демократиялық институттарды нығайтуға және елдің орнықты дамуына бағытталған ұсыныстар әзірлеуге арналған маңызды сараптамалық алаң болды.