news-img

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Тұңғыш Президенті музейінің қызметкерлері жұмыс сапарымен АҚШ-та жүр.

Ресми сапар аясында америкалық әріптестермен бірқатар маңызды кездесу өтті.

Бұл кездесулер Ричард Никсонның Президенттік кітапханасында, Музейі мен Қорында өтті.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұлаұлы Қордың қызметі туралы егжей-тегжейлі айтып, мәдениет, әлеуметтік даму және гуманитарлық көмек бағытындағы жобаларға ерекше назар аударды.

Тұңғыш Президент музейінің директоры К.Ақтаева басшылық етіп отырған мекеменің негізгі қызметін, ілкімді бастамасын таныстырып, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларына қатысты мүмкіндікті ортаға салды.

Ричард Никсон Қорының президенті және бас атқарушы директоры Джо Лопес мырза және сыртқы байланыс жөніндегі вице-президент Крис Нордэйк мырза екіжақты әріптестікті одан әрі дамытуға қызығушылық танытып, президенттік мұраны сақтау ісіндегі халықаралық диалог пен тәжірибе алмасудың маңызына тоқталды. Олардың айтуынша, қорлар арасындағы байланыс ғылыми деңгейде ғана емес, халықтар арасындағы мәдени өзара түсіністікті тереңдетуге де серпін береді.

Ричард Никсонның Президенттік кітапханасы мен музейінің командасы Тамара К. Мартин ханымның және директордың орынбасары Наталия Висанте ханымның жетекшілігімен мекеменің негізгі қызметі жайлы баяндап, президенттік мұраны сақтау, зерттеу және насихаттау жұмысының маңыздылығын түсіндірді. Білім беру мен ағартушылық бағдарламаларға, сондай-ақ, музейдің қоғамдық диалог пен халықаралық алмасу платформасы ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ, кітапхана мен музей командасының бас архивисі Джейсон Шульц мырза, бас куратор Кристин Микки ханым және білім беру бағдарламалары жөніндегі маман Ара Карбонно ханым тарихи құжаттарды мұрағаттау, сақтау және цифрлық форматқа көшіру мен жұмыс тәсілдері туралы мол мағлұмат ұсынды. Олар музей экспозицияларын жасау, артефактілерді ғылыми тұрғыдан зерделеу және тақырыптық көрмелер ұйымдастыру тәжірибесін бөлісті. АҚШ президенттерінің тарихын тануға жастар және кең аудиторияны тартуға бағытталған кітапхананың білім беру бастамаларын таныстырды.

Бұл сапар музей ісі, архив саласы мен тарихи мұраны сақтау бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, үздік тәжірибе алмасуға ықпал етеді.

Бөлісу