Аралдағы жаңа орталық: жүздеген баланың болашағына жол ашады

25 тамыз күні Қызылорда облысының Арал қаласында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жаңа оңалту орталығы салтантты түрде ашылды. Бұл «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының бірлескен «QH Аудандық оңалту орталықтары» атты қайырымдылық жобасы аясында ашылып отырған жетінші орталық.
Салтанатты рәсімге Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева және «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова қатысты.
Ресми статистикаға сәйкес, өңірде 18 жасқа дейінгі 6800-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала тұрады. Жаңа орталық жыл сайын Арал қаласы мен жақын маңдағы ауылдық елді мекендерден 600-ге дейін балаға тегін 21 күндік оңалту курсын ұсынады.
Орталық Арал көпсалалы орталық аудандық ауруханасы базасында ашылды. Жобаны жүзеге асыру үшін облыс әкімі қажетті ғимарат беріп, күрделі жөндеу жүргізіп, балаларға барынша жайлы жағдай жасалды.
Мекеме Германия, АҚШ, Австрия, Қазақстан және Ресейдің үздік өндірушілерінің заманауи жабдықтарымен, соның ішінде оңалту және физиотерапиялық кешендермен, сенсорлық және интерактивті бөлмелермен жабдықталды. Қажетті құрал-жабдықты алуға «Қазақстан халқына» қоры қаржылай қолдау көрсетті. Мұның бәрі мамандарға балаларға сапалы әрі кешенді көмек көрсетуге жол ашады.
Жаңа орталықта неврологтар, реабилитологтар, логопедтер, дефектологтар, психологтар, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары мен еңбек терапевттері бірлесіп еңбек етеді. Мамандардың біліктілігін арттыру үшін «Қамқорлық қоры» арнайы оқу мен тәлімгерлік жүйесін енгізіп отыр. Алдағы екі жылда халықаралық сарапшылар жергілікті дәрігерлер мен мамандарға тәжірибелік қолдау көрсетпек.
Қызылорда облысында осындай екі орталық жұмыс істеп тұр: 2022 жылдан бері облыс орталығында «Қамқорлық» орталығы халыққа қызмет етіп келеді, ал 2024 жылы тамызда Жаңақорғанда жаңа орталық ашылды. Биыл жыл соңына дейін Қызылордада ерте араласу орталығы ашылмақ.