Астанада медицинаның даму келешегі талқыланып жатыр: медициналық туризм мен фармацевтика өнеркәсібінен бастап жасанды интеллект енгізуге дейін

Астанада Назарбаев орталығында өтіп жатқан «Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі: дәрі-дәрмек және инновациялық технология. Тәжірибе мен келешек» атты ғылыми-тәжірибелік конференция аясында нейрохирургия мен медициналық туризмнің дамуы, офтальмологиядағы жаңа мүмкіндіктерді іске асыру, кардиология мен педиатриядағы инновация, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің бағыттары мен басқа да маңызды мәселелер талқыланып жатыр.
Іс-шараны Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы InnPharma қауымдастығы мен Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен ұйымдастырды.
Конференцияға 30-дан астам дипломатиялық миссия мен халықаралық ұйым өкілдері, үздік медицина сарапшылары, 13 елден келген агенттер мен байерлерді қосқанда, 500-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында Үндістан, БАӘ, Германия және Ұлыбритания сияқты елдердің делегаттары бар.
Қатысушыларды құттықтау кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстан Президенті 2025 жылы 8 қыркүйектегі Жолдауында медициналық туризмді дамытуды мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы ретінде айқындағанын атап өтті.
«Соңғы бес жылда туристер саны бес еседен астам артты, сонымен бірге медициналық туризм де қарқынды дамып келеді. Қазақстан әлемдік медициналық туризм картасында жаңа орталыққа айналып отыр», — деді министр.
Конференция барысында елімізде бүгінде жоғары технологиялы медициналық көмектің 80 түрі бойынша халықтың қолжетімділігі қамтамасыз етілгені айтылды.
2012 жылдан бері ашық жүрекке жасалатын ота саны екі есеге артқан, ал қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім үш есеге азайған.
Трансплантология саласы да белсенді дамып келеді: жыл сайын елімізде бүйрек, бауыр және жүрек ауыстыру бойынша шамамен 260 ота жасалады.
Қазақстанның 10 клиникасы халықаралық JCI аккредитациясын алған, ал ұлттық аккредитация жүйесі халықаралық стандарттарға сай келеді.
Министр сондай-ақ, ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жетістіктерге тоқталды: соңғы төрт жылда мемлекеттік бағдарлама аясында 20 мың ЭҰО процедурасы жасалды. Қазақстан аймақта фетальды хирургияны меңгерген алғашқы ел атанды.
Конференция аясында B2B және B2G форматындағы кездесулер, сондай-ақ медицина, фармацевтика және туризм салаларындағы жетістіктер көрмесі ұйымдастырылған.
Іс-шара соңында медициналық туризм саласында халықаралық ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қою жоспарланған.