news-img

Назарбаев орталығында «Türki Baği» атты заманауи өнер көрмесі ашылды. Көрмені Tan Art Residency ұйымы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының, Тұңғыш Президент музейінің және К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің қолдауымен ұйымдастырған.

«Türki Baği» – мәдени кеңістіктің көркемдік метафорасы. Мұндағы тамыр – өткеннің мұрасы мен дәстүрін, ал жеміс – рухани сабақтастықты сақтаушы адамды бейнелейді.

Жоба түркі әлеміндегі қазіргі терең мәдени өзгерістерге назар аударады. Сондай-ақ, тарихи және географиялық айырмашылықтарға қарамастан, ортақ мәдени тамырдан нәр алған халықтардың біртұтас жадын, ортақ бейнелері мен философиялық ұстанымдарын сақтап келе жатқанын айшықтайды.

Көрменің басты идеясы – адам жанының ғаламдық үйлесімнің ажырамас бөлшегі ретіндегі мәнін ашу. Ал «бақ» ұғымы өмірдің көркем бейнесіне айналып, онда өткен мен бүгін, дәстүр мен жаңашылдық біртұтас үйлесімге ұласқан.

Көрменің тақырыптық өзегі

Көрме үш негізгі бағыт бойынша жүйеленген:

1. Мифология – түркі мәдениетінің бастау бұлағы мен рәміздік жүйесі;

2. Құндылықтар – ақиқат, махаббат, еркіндік, әділет ұғымдары;

3. Қазіргі өмір – дәстүр мен заманауи көркем формалардың тоғысуы.

Көрмеге қатысушы жеті суретші туындыларында түркі мифтерінің сюжетін жаңаша қырынан пайымдап, халықтың дүниетанымы мен философиялық көзқарасын бейнелейді. Олар түркі рухының терең болмысын көркем тілмен өрнектеп, оны бүгінгі заманның эстетикалық кеңістігіне енгізеді.

Экспозицияда Наркес Алиева, Эльшан Ибрагимов, Сырлыбек Бекботаев, Әйгерім Мәжитхан, Отты Гүннен, Жанна Нөгербек, Айгүл Ыбырай және Мансұр Смағамбетовтың картиналары мен кескіндемелері қойылған.

Көрме 2025 жылы 7 қарашаға дейін жалғасады.

Бөлісу