news-img

Бүгін біздің мерейтойлық кездесулер легі Рудный қаласында жалғасты. Бұл жолы бес жыл бойы қаншама бала мен отбасының өмірін өзгертіп келе жатқан «Қамқорлық» оңалту орталығында болдық. Осы уақыт ішінде орталықта 3303 балаға көмек көрсетіліп, 161 сәби тәй-тәй қадам басып жүре бастады, 361 бөбектің тілі шығып, сөйлеуді үйренді. 

Әрбір жетістіктің артында мамандардың маңдай тері, мейірімі мен төзімі, әр баланың бойындағы мүмкіндікті ашуға деген сенімі жатыр.

 

Мерейтой қарсаңында орталыққа Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы және «Қамқорлық қоры» КҚ директоры Арайлым Еркінова келіп, ұжыммен жүздесіп, орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Қонақтар мамандарға ризашылық білдіріп, ісіне жан-тәнімен берілген қызметкерлерге алғыс хат пен марапат табыстады. Бұл олардың кәсіби біліктілігіне, балаларға күн сайын көрсетіп жүрген қамқорлығына деген құрметтің белгісі.

 

Орталықтағы әрбір маманның еңбегін жоғары бағалаймыз. Сіздердің арқаларыңызда балалар жаңа белеске аяқ басып, талай отбасының үміт оты оянып, болашаққа сеніммен қарап отыр. 

Балалардың ірілі-ұсақты жетістігіне жол ашып, үміт пен мүмкіндік сыйлағандарыңыз үшін алғыс айтамыз.

 

Бөлісу