news-img

Тұңғыш Президент музейі «Ulttyq Qazyna» мәдени-ақпараттық жобасын жалғастырып, оның аясында музыкалық қонақ бөлменің жаңа форматын іске қосты. Биылдан бастап бұл формат жыл сайын өткізілетін музей алаңына айналады және 1997 жылдың 10 желтоқсаны – Ақмоланың Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланған күніне арналған көркем-танымдық жоба ретінде тұрақты түрде ұйымдастырылмақ.

Жаңа форматтың алғашқы шығарылымы – «Astana Sound & Space» музыкалық қонақ бөлмесі 10 желтоқсанда Астанада Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті квартеттің қатысуымен таныстырылды. Арнайы дайындалған бағдарлама әлемдік композиторлардың туындыларын қазақстандық авторлардың музыкалық мұрасымен ұштастырып, тарихи контексті камералық өнердің мүмкіндіктері арқылы қазіргі заманғы көркемдік тұрғыдан түсіндіруге жол ашты.

Бағдарлама музей басшылығы мен квартет көркемдік жетекшісінің құттықтау сөздерімен басталып, салтанатты рәсімнен кейін камералық музыка концерті өтті.

«Astana Sound & Space» жобасының мақсаты – 10 желтоқсан күнінің символдық мағынасын музыка арқылы жеткізіп, тыңдарманды тарихи кеңістікке эмоциялық әрі мазмұнды түрде тереңдете енгізу. Жаңа форматтағы музыкалық қонақ бөлме камералық музыканың тарихи жад, мәдени мұра және эмоциялық әсерді ұштастыра отырып, астананың қалыптасуындағы маңызды оқиғалар мен негізгі кезеңдерді терең пайымдауға мүмкіндік беретін кеңістік қалыптастыра алатынын көрсетті.

 

Іс-шараның серіктесі 1988 жылы құрылған еліміздің жетекші камералық ұжымдарының бірі саналатын Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония негізінде жұмыс істейтін Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті квартет. Ұжым халықаралық байқаулардың лауреаты, түрлі фестивальдер мен гастрольдердің белсенді қатысушысы. Квартеттің көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев.

 

Бөлісу