news-img

Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жастардың білімді болуы, заманауи технологияны меңгеруі аса маңызды екенін ерекше атап өтті. Бұл халқымыздың өркениет көшінің алдыңғы қатарында қалуы үшін қажет. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы патриотизмді нығайту мен ұлттық тарихқа құрметпен қараудың маңызын да айтты. 

Жолдауда белгіленген осы басымдықтар Нұрсұлтан Назарбаев Қоры үшін бірнеше жыл бойы негізгі бағдарға айналды. Өтіп бара жатқан жыл Қор мен оның серіктестері үшін ондаған жобаны жүзеге асыру кезеңі болды. Бұл жобалар жастардың айтарлықтай жетістіктерге жетуіне мүмкіндік беріп, ерекше қажеттілігі бар балалар мен өмірінде қиындық болып жатқан отбасыларға қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.

БІЛІМ БЕРУ ЖОБАЛАРЫ – ОҚУШЫЛАР, ЖАСТАР ЖӘНЕ ПЕДАГОГТЕР ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІК 

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы «El umiti» корпоративтік қоры жүзеге асырған жобалардың арқасында мыңдаған оқушы мен педагог жаңа білім мен дағдыны меңгеріп, өз жолын тауып, кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік алды. 

 

Ауыл мектептердің оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасына 6-сыныпта оқитын 65 182 бала қатысты. Оның ішінде 550 жеңімпаз «Дарын» мамандандырылған мектептерінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде және РФМШ-да білім алып жатыр. 

 

Көктем мен күзде 7-9-сынып оқушыларына арналған «El umiti talent» пәндік олимпиадасы 8 пән бойынша өткізілді. Олимпиадаға 16 256 оқушы қатысып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, дипломдармен және сертификаттармен марапатталды.

 

«El umiti premiasy» бағдарламасының екінші легіне 14-17 жас аралығындағы 212 оқушы қатысты. Финалда қатысушылар әлеуметтік тақырыптарға арналған деректі фильмдер ұсынды. Үздіктерге ақшалай сертификаттар табысталды.

 

«Балалардың қабілетін анықтау мен дамытудағы заманауи технологиялар» тақырыбындағы ІІ Халықаралық психологтар форумы ҚР Оқу-ағарту министрлігі, білім басқармаларының өкілдері, 300 мектеп психологы мен Италия, Словения, АҚШ, Малайзия, Испания және Өзбекстаннан келген сарапшылардың басын қосты.

 

«El Úmiti Camp» жазғы білім беру лагерінің бағдарламасы Қор жобаларына белсенді қатысқан 200 оқушыға арналған. Бағдарламаға шығармашылық сабақтар, оқу курстары, спорттық және зияткерлік турнирлер, сондай-ақ қазақстандық өнерпаздардың концерті енді.

 

Жылдың басты оқиғаларының бірі – 10-18 жас аралығындағы 22 жас ақын қатысқан республикалық «Қола домбыра» айтысы болды. Қазылар алқасының құрамына танымал мәдениет қайраткерлері енді. Бас жүлде иегеріне «Қола домбыра» және ақшалай сертификат табысталды.

«Smart ustaz» жобасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінен 560-тан астам педагог жеке құзыреттілігін арттыру бойынша оқудан өтті. 14-18 жас аралығындағы оқушылар мен мұғалімдердің кәсіби дамуына арналған білім беру бағдарламалары әзірленіп, онлайн курстар үшін аудиовизуалды контент жасалды.

 

Қор балалар үйі тәрбиеленушілеріне арналған «Жұлдыз болғым келеді» республикалық вокалдық байқауына демеушілік көрсетті. Байқауға 9 өңірден 80 бала қатысып, 12 жеңімпаз бағалы сыйлықтар, ал 4 балаға Дубайға жолдама берілді.

 

«Qabilet» жобасының командасы Португалияда өткен Дарынды балалар жөніндегі дүниежүзілік кеңестің 26-конференциясында Қазақстан атынан қатысты. Жоба аясында 5-6 жастағы балалардың қабілетін дамытуға арналған авторлық әдістемелер ұсынылды.

«El Úmiti Premiasy» жобасының қатысушылары нейротехнология саласындағы стартап арқылы Digital Bridge форумында Discovery of the Year сыйлығын иеленді. Бұл жоба адамның іс-қимылы арқылы Паркинсон ауруының қаупін анықтауға мүмкіндік береді. Ал «Мың бала – 2019» жеңімпазы Ерқанат Кеңшілік халықаралық математикалық олимпиадасында (IMO-2025) топ жарып, әлемнің үздік жас математиктерінің қатарына кірді.

Бұл жобалар ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен өңірлік «Дарын» орталықтарымен бірлесіп жүзеге асырылды.

Биыл студенттік шәкіртақы байқауына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 259 өтінім түсті. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарының күндізгі бөлімінде оқитын («Өнер және мәдениет» бағыты бойынша) 40 студент атаулы шәкіртақылардың иегері атанды. Қор стипендиясы мемлекет белгілеген стандартты шәкіртақыға қосымша ретінде төленеді.

 

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының ғылым, техника, мәдениет және өнер саласындағы сыйлығы қоғамдық мойындау мен қолдаудың символына айналды. Комиссия еліміздің түкпір-түкпірінен келіп түскен 120-дан астам жобаны қарады. 20 үміткер жеңімпаз атанды: 11-і – мәдениет пен өнер, 9-ы – ғылым мен инновация бағытында.

Мәдениет пен өнер саласындағы халықаралық және республикалық іс-шараларға қатысу үшін берілетін гранттар байқауына 26 өтінім түсіп, соның ішінен 10 үміткерге грант берілді. Оған жол жүру мен 14 күнге дейінгі тұру шығыны кіреді.

 

Қазақстанның үш қаласында – Талдықорғанда, Павлодарда және Петропавлда оқушылардың инженерлік ойлау қабілетін дамытып, технология мен бағдарламалауға қызығушылығын арттыруға бағытталған «Ozyq Urpaq» робототехника жобасы басталды.

Жоба аясында 15 мектеп қамтылып, 9-14 жас аралығындағы 750-ден астам оқушы мен 30 информатика пәні мұғалімі оқытудан өтті. 2026 жылы наурызда жобаға қатысушы мектептер арасында робототехника турнирі өтеді. Жеңімпаздар Robotek Grand Tournament халықаралық чемпионатына жолдама алады.

 

Соңғы 3 жыл ішінде жоба 8 қаланы, 40 мектепті және 3000-нан астам оқушыны қамтыды. Бұл бастама өңірлерде робототехниканы дамыту бойынша ең ауқымды жобалардың біріне айналды.

ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР БАЛАЛАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Samruk Kazyna Trust, «Қазақстан халқына» қоры және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Қамқорлық» жобасы көп жыл бойы еліміздегі мыңдаған балаға медициналық көмек көрсетіп келеді.

2025 жылы Сарқан, Арал, Шалқар және Бейнеу елді мекендерінде 4 QH оңалту орталығы ашылды. Алматы мен Қызылордада ерте араласу орталықтары іске қосылды.

 

Биыл «Қамқорлық» оңалту және ерте араласу орталықтары 21 000-нан астам баланы қабылдады.

2025 жылдың соңында Түркістан және Қарағанды қалаларында аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған 2 жаңа арнаулы орталық ашылды.

 

Қор 30 бағыт бойынша 482 маманды оқытты.

Соңғы 5 жылда ел бойынша 27 оңалту орталығы, 20 ерте араласу орталығы және 9 аутизм орталығы ашылып, 80 500-ден астам бала қамтылды. Олардың 7 500-ге жуығы жүре бастаса, 9 300-ден астамы сөйлей бастады.

ӘЛЕУМЕТТІК ИДЕЯЛАР, ӘРІПТЕСТІК ЖӘНЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ

Әлеуметтік маңызы бар жұмыстармен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарды қолдау – Қор қызметіндегі тағы бір маңызды басымдық. Биыл Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі аясында үздік жобалар «Жастар мен жасөспірімдердің цифрлық қауіпсіздігі», «Зорлық-зомбылықсыз болашақ: алдын алу шаралары», «Ертеңгі көшбасшы: жастар мен жасөспірімдердің кәсіби дамуы» сынды үш номинация бойынша іріктелді.

 

Байқауға еліміздің 19 өңірінен барлығы 132 өтінім қабылданды. Әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру үшін грант ұтып алған 10 ҮЕҰ жеңімпаз деп танылды.

ҮЕҰ жобаларын қаржыландыру өңірлерде өткен Қор күндері аясында да жалғасты. Іс-шара барысында ұйымдарға қаржылай сертификаттар табысталды.

 

Әлеуметтік осал топтарға атаулы көмек көрсетуге бағытталған «Qolqanat» ауқымды қайырымдылық бастамасы іске асты. Бастама аясында Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жетісу, Абай, Ұлытау және Жамбыл облыстарында тұратын 900 отбасыға азық-түлік пен тұрмыстық қажеттіліктерге арналған жиынтықтар таратылды.

 

Назарбаев орталығының жұмысын ерекше атап өткен жөн. Бүгінде бұл нысан Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жобаларының ғана емес, сонымен қатар серіктестеріміздің тың әрі креативті идеялары туындайтын ортақ алаңы саналады.

Тұңғыш Президент музейі ел тарихын, ұлттық рухани құндылықтарды және суретшілер шығармашылығын насихаттайтын көптеген көрме, кинокөрсетілімдер мен бағдарламалар ұйымдастырылды. Ерекше әрі ауқымды іс-шаралардың бірі «Астана-2025» халықаралық сәулет фестивалі болды.

 

«Tan» атты жаңа диалог алаңы аясында мәдениет қайраткерлері мен жастардың 12 кездесуі өтті. Бұл өнер мен креативті индустрияны дамыту жайын талқыланатын ашық алаң.

Ал «Damyty ortalygy» көптеген бастауыш сынып оқушысы үшін ағылшын тілі, робототехника, дизайн және т.б. бағытта жаңа білім алатын сүйікті орталыққа айналды.

 

Осылайша, Назарбаев орталығы түрлі жастағы адамдарды біріктіретін, жаңа білім алып, пікір алмасып, рухани тұрғыдан байып, дамуға мүмкіндік беретін мекенге айналды.

Қор мен оның серіктестері жүзеге асырған жобалар мыңдаған жас қазақстандықтың қабілетін ашуға мүмкіндік беріп, ҮЕҰ-дарды қолдады, балалардың сауығуы мен дамуына жағдай жасады, сондай-ақ өмірінде қиындық болып жатқан жандарға нақты көмек көрсетті.

Міне, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қызметінің басты құндылығы да осында.

Бөлісу