Қор стипендиаты Дардана Өтекина: Жүрек қалауымен таңдаған жол жетістікке бастайды
Көкшетау қаласының тумасы, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры стипендиаты Дардана Өтекина бүгінде білім мен шығармашылықты қатар ұштастырып, кәсіби дамуға нық қадам жасап келеді. Ол «ТОП-100 студент» республикалық байқауына дайындалып, fashion-индустриядағы виртуалды прототиптер мен цифрлық модельдеу тақырыбында ғылыми зерттеу жүргізуде. Сонымен қатар, Дизайн апталығы аясындағы сән көрсетіліміне әзірлік жасап, дипломдық жұмысын қатар алып жүр.
Дардана Ақан сері атындағы Жоғары мәдениет колледжінде «киім дизайны» мамандығы бойынша білім алады. Бұл саналы таңдау. Қолөнер мен шығармашылыққа деген қызығушылығы бала кезден қалыптасып, уақыт өте кәсіби бағытқа ұласқан.

Ол үшін эскиз жасау – жай оқу тапсырмасы емес, шабыт пен жан тыныштығының көзі. Сурет салу арқылы Дардана ой сергітіп, шығармашылықтан ерекше ләззат алады. Бұған қоса, құзға өрмелеу мен туризмге әуес. Бұл хоббиі оның төзімділігін арттырып, мінезін шыңдауға көмектеседі.
Дардананың WorldSkills республикалық байқауына қатысуы өміріндегі маңызды кезеңдердің біріне айналды. Бұл тәжірибе оның кәсіби өсуге деген ынтасын күшейтіп, биік белеске ұмтылуына серпін берген.

Қиын сәттерде оған жақындарының қолдауы күш береді. Дардананың айтуынша, алғашқы талпыныс сәтсіз аяқталған жағдайда да отбасының сенімі мен жылы сөзі алға жетелейді.
Қор шәкіртақысы туралы ол Instagram желісінен білген. Өтінім беруге ата-анасы мен ұстаздары қолдау көрсеткен. Қандай нәтиже болса да, бұл қадамды Дардана құнды тәжірибе ретінде қабылдаған.

Шәкіртақы иегері атану оның шығармашылығына инвестиция салып, кәсіби дамуын жалғастыруға мүмкіндік берген маңызды белес.
Дардана қатарластарына қателесуден қорықпауға, жүрек қалауына сенуге және күн сайын өзін жетілдіруге кеңес береді. Оның пікірінше, арманға апарар жол әрдайым жеңіл болмауы мүмкін, бірақ табандылық пен өзіне деген сенім түптің-түбінде нәтижеге жеткізеді.