Өнер, кино және медиа саласының мамандары жасанды интеллекттің креативті индустрияға ықпалын талқылады
Соңғы жылдары жасанды интеллект көптеген адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Қазіргі таңда ол түрлі мамандық иелері үшін маңызды құрал болып, өндірістік үдерісті жеделдетіп, тапсырмаларды орындауға кететін уақыт пен ресурсты үнемдейді.

Дегенмен, жасанды интеллекттің қарқынды дамуы бірқатар мәселе туындатып отыр. Бұл қандай жаңа қиындықтарға әкелуі мүмкін? Әртүрлі салалар үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашады? Болашақта мамандықтарға қалай әсер етеді?

Осы және өзге де мәселелер Tan Art Residency креативті алаңында өткен «Жасанды интеллект және өнер» атты резиденттер диалогы барысында талқыланды.

Кездесуді Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, PR Room қауымдастығы және «Хабар» телеарнасы бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараға өнер, кино, медиа және PR салаларында жұмыс істейтін мамандар қатысып, жасанды интеллекттің осы салаларға ықпалын ортаға салды.

Сарапшылардың айтуынша, бүгінде жасанды интеллект дизайнерлер мен суретшілер үшін жаңа формаларды іздеуге және шығармашылық эксперименттер жасауға мүмкіндік беретін құралға айналып келеді. Алайда, ол әлі де заттардың пішінін толық сезіну немесе шығармалардың эмоциялық мазмұнын терең түсіну деңгейіне жеткен жоқ.

Мамандардың пікірінше, жасанды интеллекттің дамуы болашақта кейбір мамандықтың жойылуына, ал кейбірінің жаңа форматта қалыптасуына әкелуі мүмкін.

Бұған қоса, кездесу барысында жасанды интеллекттің коммуникация саласына, мәдени жобаларды ілгерілетуге ықпалы, сондай-ақ өнердің болашағына әкелетін мүмкіндіктері мен сын-қатерлері де талқыланды.