news-img

26 қыркүйек күні Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры стипендиясына сертификаттар тапсыру салтанаты өтеді. Стипендияны оқу барысында, сонымен қатар әлеуметтік және ғылыми-зерттеу жұмыстарында ерекшеленген 80 студент бір жыл бойына алады. Зияткер де дарынды жастарды марапаттау рәсімі Caspian University жаңа ғимаратының концерт залында болады.

Тұңғыш Президент Қорының студенттер стипендиясының республикалық конкурсы биыл тоғызыншы рет өткізіледі. Байқау екі турдан тұрады. Бірінші тур оқу орнында өткізіледі, ал  екіншісін Қор ЖОО ұсынған студенттер арасында ұйымдастырады. 27 мамыр мен 28 маусым аралығында өткізілген конкурсқа 350-ден астам қазақстандық студент қатысып, оның 80-і ғана жеңімпаз.

Жобаның негізгі мақсаты жоғары және арнаулы орта (өнер және мәдениет) білім беру оқу  орындарының күндізгі бөлім студенттерінің оқуға деген құштарлығын жоғарлату, ғылыми жұмыспен айналысуын және шығармашылығын қолдау. Қордың стипендиясы жеке болып табылады, ай сайын жазғы кезеңді қоспағанда бір оқу жылына төленеді.

2019 жылғы Елбасы Қорының стипендиаттары болып Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қаскелең, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавловск, Семей, Түркістан, Өскемен және Шымкент қалаларының студенттері атанды.

Жеңімпаздарды салтанатты түрде құттықтап, сертификаттар табыстайтындар қатарында  кәсіби боксшы, еңбек сіңірген спорт шебері Қанат Ислам, кәсіпкер және қоғам қайраткері Қайрат Құдайберген, «Хабар» Агенттігінің Алматыдағы жаңалықтар бюросының бас редакторы Талғат Құспаев, «Jas Otan» Жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы, Алматы қ. Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мәди Ахметов, жас ғалым, Тұңғыш Президент Қоры жанындағы Ғылым жөніндегі кеңес мүшесі, спорт шеберіне үміткер Николай Верещагин және т.б. бар.

Сертификат табыстау рәсімінде шәкіртақы иегерлері – шығармашыл жастар өкілдері концерттік бағдарлама қояды. Олар жиналғандарға вокалды және хореографиялық нөмірлер ұсынады.

Барлық жеңімпаздарға «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының  стипендиаты» атағы беріледі және сертификат пен стипендиат төсбелгісін алады.

 

Құрметті БАҚ өкілдері!

26 қыркүйек күні, сағат 16:00-де Тұңғыш Президент Қорының стипендияларын тағайындау рәсіміне шақырамыз. Өтетін орны: Достық даңғылы, 85А, Caspian University.

 

ҚР Тұңғыш Президенті –

Елбасы Қорының баспасөз қызметі

Алматы қ. PR-менеджер Артур Жұмашев

+7 (727) 220-92-16, +7 (708) 960-56-13

a.zhumashev@fpp.kz, www.fpp.kz

Түсініктеме қалдыру