Бала кезден инженерлік ойлауды дамыту: «Ozyq Urpaq» жобасының жаңа маусымы басталды
«Ozyq Urpaq» робототехника жобасы ауқымын кеңейтіп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқушылар мен педагогтерге жаңа мүмкіндіктер ұсынып келеді.


Көкшетау, Атырау және Тараз сынды Қазақстанның үш қаласында жобаның жаңа маусымы басталды. 3 қарашада жобаны жүзеге асырудың бесінші жылы ресми түрде ашылды. Жобаны Нұрсұлтан Назарбаев Қорының бас демеушілігімен «Robotek» робототехника мектебі жүзеге асырып келеді.


«Ozyq Urpaq» жобасы педагогтердің біліктілігін арттыруға, оқушылардың инженерлік ойлау қабілетін дамытуға және электроника мен бағдарламалау саласындағы озық білімді таратуға бағытталған.

2026-2027 оқу жылында жоба 15 мектепті қамтиды. Оның ішінде Атырауда – 3, Көкшетауда – 6 және Таразда – 6 мектеп бар.

Алдымен «Robotek» мамандары өңір педагогтеріне арналған оқыту курсын өткізеді. Оқу жылы бойы мұғалімдерге әдістемелік және техникалық қолдау көрсетіледі. Кейін педагогтер арнайы әзірленген әдістеме бойынша факультатив сабақтарында жарты жыл бойы оқушыларға алған білімін үйретеді.


Факультативтік сабақтарға 9 бен 14 жас аралығындағы 750-ден астам баланы қатыстыру жоспарланып отыр.

2027 жылы наурызда жобаға қатысатын мектептер арасында робототехникадан қорытынды жарыс өтеді. Командалар оқу барысында меңгерген білімі мен дағдысын көрсетіп, арнайы алаңдарда тапсырмаларды орындауға арналған роботтарды бағдарламалайды.

Бұл жарыс оқушыларға алған білімін тәжірибе жүзінде қолданып, еңбегінің нәтижесін көрсетуге мүмкіндік береді.

Жалпы, «Ozyq Urpaq» жобасы бұған дейінгі төрт жылда Қазақстанның 11 қаласындағы 55 мектепті қамтып, 4 мыңнан астам баланы оқытты. Сонымен қатар робототехника бойынша 133 мұғалім даярланды. Жаңа маусымда жобаның географиясы 14 қала мен 70 мектепке дейін кеңейеді. Қатысушы балалардың жалпы саны 4 800-ге жуықтап, даярланған педагогтер саны 160-қа жетпек.


Жыл сайын ауқымын кеңейтіп келе жатқан «Ozyq Urpaq» жобасы оқушылардың техникалық сауатын арттырып, робототехника саласындағы әлеуетін ашуға көмектеседі. Жобаның жаңа маусымы да тың ізденіске, табанды еңбек пен жарқын жетістіктерге толы болмақ.

