news-img

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтымен бірлесіп Назарбаев Орталығында «Ұлы Дала жастары: тарихи миссия және болашағы біртұтас Ұлт қалыптастыру» тақырыбында жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясын өткізді.

Конференция Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жастар жылын жариялау туралы жарлығына сәйкес белгіленген іс-шараларды жүзеге асыру аясында, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында қойылған тапсырмаларға сәйкес, сонымен бірге тарихи сабақтастықты, тарихи мұра мен бүгінгі күн арасындағы өзара байланысты, еліміздің қасиетті қазынасын сақтауға, тәуелсіздіктің бірегей жетістіктерін құрметтеуге, ғылыми ізденісті қарқындатуға, жас тарихшылардың бірегей зерттеу еңбектерін кеңейтуге бағытталған міндеттерді орындау мақсатында ұйымдастырылды.

Конференцияда Қазақстанда жастар саясатын жүзеге асыру шараларымен байланысты ауқымды мәселелер қарастырылды. Соның ішінде Қазақстанда жастар саясатын қалыптастыру мен жүзеге асырудағы Елбасының рөлі, мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік іс-шаралар, жаңа қазақстандық патриотизм – полиэтникалық және поликонфессиялық қоғам жетістіктерінің негізі, бүгінгі жастардың рухани-өнегелік бейнесі және басқа да мәселелер талқыланды.

Конференцияға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғам мен мемлекет қайраткерлері, ғылыми журналдардың редакторлары, отандық ғалымдар, жас ғалымдар – ЖОО, ғылыми институттардың өкілдері, докторанттар, мектеп мұғалімдері, жастар ұйымдарының, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры Атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов: «Қазақстанның Тұңғыш Президенті        Н.Ә. Назарбаев Жастар жылын ашу барысында өз елінің патриоты, адамгершілігі мол және білімді жастарды тәрбиелеудегі жұмыстың стратегиялық маңыздылығын ерекше атап өткен еді. Бұл мемлекеттік жастар саясатының негізі болуы керек. Өйткені ақпарат мол жаһандану кезеңінде  жастар санасына ұлттық бірегейлік, рухани құндылық және болашаққа ұмтылуды сініру маңызды. Бүгінгі конференция тарихи мұраның сабақтастығына қатысты көптеген мәселелердің шешілуіне, ғылыми ізденістің белсенділігін арттыруға, жас тарихшылардың бірегей зерттеулерін көбейтуге көмектеседі», – деді.

Жиын барысында отандық тарих ғылымының өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылды, Қазақстан мен шетелдік ғалымдардың қоғамдық сананы жаңғыртудағы тарих ғылымының рөлі мен миссиясы және зияткерлі ұлт қалыптастыру мәселелеріне қатысты толымды пікір алмасуы болды. Ғылымдағы жетістігімен танылған, белсенді қызметі, нақты жобада жүзеге асқан идеясы «ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік беретін» жас ғалымдардың, жас тарихшылардың, докторанттардың баяндамаларына ерекше көңіл бөлінді.

Конференцияның жұмысы соңында мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ бағытталған Қарар қабылданды. Онда келесі мәселелер көрсетілген:

  • жобаларға қатыстырып, еріктілікке тарту арқылы жастарды әлеуметтендіруге бағытталған жұмыс жүргізу;
  • жастар кәсіпкерлігін қолдау;
  • тұрғын-үй және жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаларды жетілдіру амалдарын қарастыру;
  • жастар саясатын іске асыруды зерттеу және бұл сала және т.б. мәселелер бойынша тәжірибе алмасу үшін халықаралық ынтымақтастықпен қамтамасыз ету.

Конференция аясында Мемлекет тарихы институты ғалымдары жазған кітаптары көрмеге қойылды. 

Түсініктеме қалдыру