Тұңғыш Президент Қорының лауреаты Қазақстан туралы кітап жазды
2019 жылғы 6 маусым күні Назарбаев орталығында «Qазахстанец» кітабының тұсауы кесілді. Еңбектің авторы жазушы, түркілердің рухани мәдениетін зерттеуші, саяхатшы, республикалық әдеби сыйлықтарының лауреаты Тинкай Кретова.
«Qазахстанец» кітабы елімізге арналады. Онда түрлі адамдардың тарихы баяндалады және Қазақстанның бай да әсем табиғатынан сыр шертеді. Туындыға Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамының «Киелі Қазақстан» зерттеу экспедициясы барысында жазылған очерктер енгізілген.
Бұл кітапты шығару үшін Тинкай Қазақстан бойынша саяхат жасаған. Ол еліміздің ерекше табиғатын кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін және әлемге көрсету мақсатымен суретке түсіреді.
– Әрине кітап дайындау барысында көп уақытты материал жинау алады. Екі жыл бойы елдің түкпір-түкпіріне барып қажетті ақпаратты жинадым. Ал кітапты жазуға бір ай уақытым кетті. Әзірге «Qазахстанец» кітабы 500 дана болып жарық көрді, – дейді ол.
Кітаптардың шығарылуы туралы ҚР Тұңғыш Президенті Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов: «Халқының көп ғасырлық тарихын, дәстүрін және рухани құндылықтарын сақтамай қандай да елдің қарқынды дамуы мүмкін емес. Оның барлығы – прогресстің басты «қозғалтқышы», адамдардың алға талпынуының негізі. Бұл туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласында айтқан еді. Елбасы мемлекеттің болашағын сәтті іске асыру үшін елдің келешегі мен бүгінін нақты ұғынып, жетістіктерімізді бағалап, қоғамда адамгершілік идеалы мен құндылығын сақтау маңызды екенін әр кезде алға тартады. Бұның барлығын іске асыруға «Qазахстанец» кітабы да өз септігін тигізбек», – деді.
Тұсаукесер рәсіміне қоғамдық қайраткерлер, жас жазушылар және студент жастар қатысты.
Бүгінгі іс-шара барысында Қазақстан бойынша жасалған фотосуреттер мен бейнетүсірілімдер көрсетілді. Сонымен қатар автордың кітаптары және Тұңғыш Президент Қоры шығарған «Алтын тобылғы» әдеби жинағы ұтысқа салынды.
Оған дейін Тинкай Кретова «Қазтабан» повесі үшін Тұңғыш Президент Қорының «Алтын Тобылғы – 2016» әдеби сыйлығына ие болған еді. Кейін Тұңғыш Президент Қоры аталған повесінің жарық көруіне септесті.
Еліміздің табиғаты, адамның онымен байланысты туралы еңбектерді дайындау үшін Тинкай өз саяхаттарын одан әрі жалғастырмақ.