Жарасым мен жасампаздықтың 30 жылы
Қазақстандағы президенттік институттың қалыптасуы мен жұмыс істеуін талқылау, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін талдау бүгінгі өткізілген «Президенттік басқару формасы: конституциялық негізі және саяси практика» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның басты мақсаты еді.
Онлайн форматта өткен конференция Қазақстандағы президенттік институттың құрылғанына 30 жыл толуына арналған. Ұйымдастырушылар: ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры, ҚР Конституциялық Кеңесі, Абай атындағы ҚазҰПУ, Сорбонна-Қазақстан институты және ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекеттік тарих институты. Конференцияның модераторлары ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары, Қазақстан Республикасының атынан Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Игорь Рогов және Мемлекет тарихы институтының директоры, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған жүргізді.
Конференцияның күн тәртібін талқылауға мемлекеттік қызметкерлер, жетекші ғалымдар, тарихшылар, саясаттанушылар, құқықтанушылар, Қазақстан және бірқатар шет елдердің - Ресей, Франция, АҚШ, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан және т.б. жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.
Конференцияға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев, Франция Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ, Төтенше және өкілетті елші, ЕҚЫҰ Бағдарламалық кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо, Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясының прездиенті Джанни Букиккио, Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Заңгерлік және салыстырмалы құқықтану институтының директоры, РФ РҒА Президенті, РФ РҒА Еуропа кеңесінің Венеция Комиссиясының мүшесі Талия Хабриева қатысты.
Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев өзінің құттықтау сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның дамуындағы басты рөлін атап өтті: «Қазақстанның Тұңғыш Президенті реформаларының негізгі өзегі Қазақстан Республикасының үдемелі дамуындағы жан-жақты ойластырылған стратегияға әрі көреген саясатқа негізделген. Оны сәтті жүзеге асыру халықаралық қоғамдастықта өзінің лайықты орны бар саяси және экономикалық тұрғыдан тәуелсіз, дербес, егеменді мемлекет құруға мүмкіндік берді».
Өз кезегінде конференцияға қатысушылар Елбасының ұлтаралық келісім мен бейбітшілік орнаған мемлекетті қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ, баяндамашылар Қазақстанның Тұңғыш Президентінің экономиканың дамуы үшін құқықтық база мен жағдай жасауға, шетелдермен достық қарым-қатынас орнатуға бағытталған қызметінің маңыздылығын атап өтті.
Конференцияға қатысушылардың айтуынша, Қазақстанның президенттік басқару формасы қалыптасу және даму жылдарында мемлекеттің демократиялық даму жолында табысты құруын, елде жаңа саяси жүйенің қабылдануын, мемлекеттік институттардың өзара іс-қимылын, тұрақтылығы мен тиімділігін күшейтуді қамтамасыз етті.
ҚР Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қайрат Мәми: «Қазіргі қолданыстағы Конституцияға сәйкес, тежемелер мен теңестірмелер жүйесiн пайдалана отырып, заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарына бөлу қағидасы бар биліктің біртұтастығына негізделген түбегейлі жаңа президенттік басқару формасы құрылды. Мемлекеттік басқару тетігі қуатты әрі тұрақты бола түсті».
Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясының төрағасы Джанни Букиккио тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда билік институттарының нақты жұмыс істеуін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті: «Қазақстан жүйесінде президенттік, атқарушы және заң шығарушы билік деп қатаң бөлінді. Демократияны құруға ниетті кез-келген ел үшін билік бөлінісін жүргізу оңай емес. Ал мұнда оның іске асқанын көріп отырмыз. Венеция комиссиясы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін Қазақстанмен жұмыс істеуге дайын».
Американдық саясаттанушы әрі журналист, қауіпсіздік пен энергетика саласындағы халықаралық қатынастар маманы Ариэл Коэннің айтуынша, Қазақстандағы президенттік билік елдегі барлық жетістіктің негізі: «Қазақстанда президенттік биліктің орнауы елдің қарыштап даму жолындағы маңызды қадам болды. Мұны біз елдің саяси, экономикалық, мемлекеттік жаңғыру нәтижелері бойынша көріп отырмыз. Президенттік билікті жүзеге асыру, Елбасының мемлекеттің саяси бағытын пайымдау – барлық жетістіктің, оның ішінде адами капиталды дамыту мен елге инвестиция тартудың түп негізі».
Жалпы алғанда, спикерлер президенттік институтты жүзеге асыру – республикадағы қазіргі және болашақтағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер үшін берік іргетас болды деген ортақ пікірге келді.