news-img

Birge oqý дамытушы пікірталас алаңында «Learning Design, Pedagogy and Assessment [Quality Distance Education] 2020 with Alan Tait and David Bridges» ашық панельдік пікірталас өтті

Спикерлер:

  • Алан Тэйт, қашықтан оқыту және оны дамыту саласына еңбегі сіңген профессор, Open University UK
  • Дэвид Бриджес, University of East Anglia еңбегі сіңген профессор, «Білім беру реформасы және интернационаландыру: Қазақстандағы мектеп реформасының үлгісі» еңбегінің редакторы
  • Рауан Кенжеханұлы, Bilim Media Group негізін қалаушы және жетекшісі

Модератор:

  • Назипа Аюбаева, «Назарбаев Қоры» білім бойынша бас сарапшысы, PhD Cambridge University
     

Birge oqý дамытушы пікірталас алаңында қашықтан білім беру, педагогика және онлайн-оқыту мәселелері талқыланды. Білім беру саласындағы қазақстандық сарапшылар мен функционерлер өздерінің британдық әріптестері - профессорлар Алан Тэйт және Дэвид Бриджеспен қашықтан оқытудың мүмкіндіктері мен жаңа мәселелері  туралы әңгімелесті.

COVID-19 жаһандық пандемиясы тек қоғамдық денсаулық сақтау саласына ғана емес, сонымен қатар білім беру саласына да қауіп төндірді. Бүкіл әлем бойынша миллиондаған оқушылар, студенттер, мұғалімдер мен ата-аналар жаңа оқу талабына бейімделуге мәжбүр. Қашықтан және онлайн-оқыту білім берудің баламасы емес, ол қажеттілікке айналды.

Bilim Media Group негізін қалаушы және жетекшісі Рауан Кенжеханұлының айтуынша, онлайн-оқытуға көшу қазақстандық білім беру жүйесі үшін маңызды сынақ болды.

«Мұғалімдер, балалар мен ата-аналар жаңа тәжірибе алып қана қоймай, соңғы 50-55 күн ішінде жаңа дағдыларға ие болды. Енді, басты мәселе - бұл тәжірибе мен әдетті қашықтан оқыту дағдысына айналдыру. Тәжірибе көрсеткендей, балаларға қарағанда мұғалімдерге өз жұмысында жаңа технологияларды пайдалану қиын болды», - деді Рауан Кенжеханұлы.

Өз кезегінде, Open University UK қашықтан оқыту және оны дамыту саласына еңбегі сіңген профессор Алан Тэйт білім берудің жаңа моделіне «мәжбүрлі» көшу туралы өз пікірін білдірді.

Профессордың айтуынша, «онлайн оқыту тек қана дистанциялық дәрістерді ғана қамтымайды. Бұл ресурстарды, оқыту материалдарын, белсенді оқытуды, сондай-ақ білім беру процесінің өзіне барлық мүмкін болатын мультимедиялық және басқа да ресурстарды енгізуді талап ететін білім берудің толыққанды жүйесі. Оқу бағдарламасын сыныптан онлайн сыныпқа көшіру мүмкін емес», - дейді профессор Тэйт.

Спикерлер өз талқылауында онлайн білім беру тек білім беруді ғана емес, сонымен қатар оқушыларды болашақта кәсіби, жеке және әлеуметтік өміріне қажетті дағдыларды меңгеруіге ат салысуды да көздеуі керек деген пікірге келді. Сонымен қатар, University of East Anglia еңбегі сіңген профессор, «Білім беру реформасы және интернационаландыру: Қазақстандағы мектеп реформасының үлгісі» еңбегінің редакторы

Дэвид Бриджес қазақстандық білім беру үдерісіне онлайн-оқытуды табысты енгізу үшін мұғалімдердің кәсіби дамуына да үлкен көңіл бөлу керектігін атап өтті.

«Оқытушылардың кәсіби дамуынсыз оқу бағдарламасының өзгеруін елестету мүмкін емес. Технологияларды қолдануда мұғалімдерді көтермелеу қажет; мұғалімдердің кәсіби өсуі ресурстық білім беру базасын дамытуда көмектесу керек», - деді Дэвид Бриджес.

Өз кезегінде, «Назарбаев Қоры» білім жөніндегі бас сарапшысы Назипа Аюбаева әрбір жеке мектептің мұғалімдер қауымдастығы үшін автономдық жағдай жасау қажеттігін атап өтті: «Мен ұстаздарда белсенді зерттеу дағдыларын тәрбиелеу өте маңызды деп санаймын, оларға өз мектептері шегінде оқу үдерісін жүргізу туралы дербес шешім қабылдауға мүмкіндік беру қажет».

Онлайн-талқылауды қорытындылай келе, «Елбасы Академиясы» директорының орынбасары Әнуар Жанғозин спикерлерге алғысын білдіріп, қашықтан оқыту әдісінің енгізілуі  білім беру логистикасына өзгеріс енгізгенін атап өтті.

«Егер біз білім берудің осы үлгісін енгізуді одан әрі жалғастырғымыз келсе, біз педагогика туралы, оқушылар мен мұғалімдердің қажеттілігі туралы ұмытпауымыз керек, мен бүгінгі пікірталастың осы бағытта жүргеніне ризашылығымды білдіремін. Талқылау барысында технологиялар үлкен күшке ие екені және болашақта олар тек білім беруде өз позицияларын нығайта түсетіні айқындалды. Бұл күшті жасампаздыққа бағыттау үшін дұрыс құралдарды пайдалану өте маңызды».

Вебинарды сілтеме арқылы өтіп, көруге болады: https://www.youtube.com/watch?v=kcbT6RZxem0

Түсініктеме қалдыру