news-img

Қазақстанның Тұңғыш Президентіне  «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесін беру Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қатерден азат әлем құруға қосқан теңдессіз үлесін тағы да растайды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Лидия Пархомчиктің пікірінше, алаңы  бірнеше рет қазақстандық антиядролық бастамалар ұсынатын орынға айналған БҰҰ Бас Ассамблеясының  шешімі антиядролық қозғалыстағы Қазақстан позициясын нығайта түсті.

- Қазақстан Елбасының басшылығымен өзінің көрнекі үлгісімен антиядролық қозғалысқа деген адалдығын көрсетті. Ядролық арсеналдан бас тарта отырып, Қазақстан жаһандық ядролық ынтымақтастықтың архитектурасын жаңаша құруға мүмкіндік ашты, - деп атап өтті сарапшы.

Семей ядролық полигонының жабылу күні халықаралық қоғамдастық мүшелерін ядролық қаруды қолдану қатерін жою үшін күресуге талпындыратын нышанға айналды. 1991 жылдың  29 тамызы Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде тарихқа енді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау мәселелеріндегі көзқарасы өзгеріссіз - ядролық қаруды қолданудан толық бас тарту қажет.

Бұл бағыттағы маңызды қадам 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдаған кезде жасалды. Қазақстанның ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қосылуы көзделген мақсатқа, атап айтқанда, 2045 жылға қарай ядролық қарусыз бейбітшілікке қол жеткізуге бел буғанын көрсетеді.

Сарапшы қазақстандық көзқарасты жақтаушылар саны артуда деп санайды. Ядролық державалар арасындағы өсіп келе жатқан геосаяси шиеленіс жағдайында халықаралық қоғамдастықтың ядролық қырып-жою қаупінен құтылу ниеті арта түсуде.

2019 жылдың соңында «Astana Club» халықаралық пікірталас алаңының V отырысында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қарусыз әлем үшін көшбасшылардың жаһандық альянсын құруды ұсынды. Мұндай бастама ДЗЯО мақсаттары мен міндеттерін қолдайтындардың дауыстарын күшейтуге мүмкіндік береді.

Қазақстан ядролық қауіпсіздік мәселелері күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болып қалатынын дәлелдеуді жалғастыруда. Тек бірлескен күш-жігермен ғана ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басқа мемлекеттердің қауіпсіздігіне нұқсан келтіру есебінен қол жеткізілмейтін бейбітшілік құруға болады.

Түсініктеме қалдыру