news-img

Ослоның Әдебиет үйінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бейбітшілік кіндігі» кітабының норвег тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті.

«Семей полигонының жабылуы мен ядролық қарусыздану үдерісі Нұрсұлтан Назарбаев президенттігінің үлкен мұрасы болып табылады. Биыл Кеңес Одағы алғашқы атом бомбасын Семей өңірінде сынақ жаруына 70 жыл толды.

1991 жылы 29 тамызда Президент Н.Назарбаев өзінің Жарлығымен полигонды жапты.

«Бейбітшілік кіндігі» кітабы тек ядролық сынақтардың тарихы мен Қазақстанның ядролық әлеуетін бөлшектеу туралы ғана емес, ол оқырманды ядролық қарудан азат әлем құру туралы ойға жетелейді», – деді тұсаукесер барысында Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Еркін Ахинжанов.

«Ядролық қару – мағынасыз қару. Оны апатты салдарсыз пайдалану мүмкін емес.

Мұны түсінгендердің қатарында Қазақстан және оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар. Оның себебі «Бейбітшілік кіндігі» кітабында айтылады», – деп Норвегияның бұрынғы премьер-министрі Кьелл Магне Бондевик атап өтті. Оның пікірінше, «Ядролық қаруды жою жұмысын күшейтетін білім мен ресурстардың болғаны маңызды. Осы кітапта айтылған Қазақстанның тәжірибесі өте пайдалы. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін барлық ядролық қарулар мен қондырғыларды өз аумағынан шығарып тастағаны үшін бұл ел әлемнің құрметіне ие және оның осындай қадамы басқалар үшін оң үлгі болып табылады».

Қазақстанның ядролық әлеуетін бөлшектеу үдерісіне, сондай-ақ таратпау режимінің негізгі мәселелеріне Тұңғыш Президент Қорының Халықаралық бағдарламаларының жетекшісі Елші Қайрат Әбусейітов пен Норвегиялық халықаралық саясат институтының (NUPI) аға зерттеушісі Сверре Лодгард шолу жасап өтті.

Суретші және антиядролық қозғалыстың қайраткері Кәріпбек Күйіков Семей аумағы тұрғындарының көрген қайғы-қасіреті мен қоршаған ортаға келтіретін зиян туралы эмоционалды баяндама жасады. Ол Қазақстан халқының ядролық сынақтарды тоқтату жолындағы күресі мен Н.Назарбаевтың полигонды жабу туралы тарихи шешімі туралы айтып берді. Сонымен қатар, К.Күйіков жиналған қауымды «АТОМ» жобасын (www.theATOMProject.org) қолдауға және ядролық қарудан азат әлемі жөніндегі петицияға қол қоюға шақырды.

Норвегия Сыртқы істер министрлігінің атынан Аймақтық департаменттің директоры Анна-Кристи Карлсен де сөз сөйледі.

Ісшараға Ядролық қаруды жою үшін науқан (ICAN), «Ядролық қаруға – жоқ» (Nei til Atomvåpen), «Bike for Peace» үкіметтік емес ұйымдары, ядролық қауіпсіздік сарапшылары, саясаттанушылар, дипломаттар, діни қайраткерлер және қоғамның басқа да өкілдері келді.

Кітаптың тұсаукесері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған. Мәтінді норвег тіліне халықаралық саясаттанушы және кәсіби аудармашы Николай Геров аударған. Норвегиялық басылымға алғысөздерін дайындаған бұрынғы премьер-министр Кьелл Магне Бондевик, Тұңғыш Президент – Елбасы қорының Атқарушы директоры Әсет Исекешев, Норвегияның Сыртқы істер министрі Ине Эриксен Сорейде, сондай-ақ аға сарапшы және NUPI-дің бұрынғы директоры Сверре Лодгард. Кітап «Steffen Grafisk Tilrettelegging» баспасында жарық көрді.

 

Медиа жаңалықтар
Түсініктеме қалдыру