«Қазақстандықтар елдің өркендеуі әр азаматтың еңбегіне, оның біліміне, жауапкершілігіне байланысты болып табылатын біртұтас және бөлінбейтін отбасы»
Толығырақ
«Біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болады»
Толығырақ
«Терең білім тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой азаттығымыздың алдаспаны»
Толығырақ
«Менің Ұлт Көшбасшысы ретіндегі мақсатым – Қазақстанды болашақ ұрпақ мақтана алатындай деңгейге көтеру»
Толығырақ
news-img

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры алғаш рет өткізіп отырған «Мемлекет, бизнес және КЕҰ: тұрақты даму жолындағы бірлік пен әріптестіктің 30 жылы» әлеуметтік жобалар форумының екінші күні тартысқа толы пікірталас пен үздік әлеуметтік жоба жеңімпаздарын анықтаумен есте қалды.

Форумның бас серіктесі – Eurasian Resources Group (ERG). Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы коммерциялық емес ұйымдар (КЕҰ) арасында аймақтық ақпараттық қолдау көрсетті.

Форум – көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлері, КЕҰ өкілдері, кәсіпкерлер мен меценаттар қатысатын ауқымды диалог алаңы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры форум жұмысын ұйымдастыра отырып, белсенді қазақстандықтардың маңызды жобаларын қолдауға, тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыруда мемлекет, КЕҰ және бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады.

Айта кетейік, 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған 17 ТДМ 2015 жылдың 25 қыркүйегінде Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде қабылданған. Бұл 17 мақсат кедейлікті жоюды, теңсіздік пен әділетсіздікпен күресуді, экологияны жақсартуды және т.б. көздейді. Аталған міндеттің ауқымын ескерген Нұр-Сұлтандағы форум сессиясының тақырыбы да сан саланы қамтыды.

«КЕҰ институты: әрі қарай дамуды қалай ынталандырып, тиімділікті қалай арттыруға болады?» сессиясы барысында заңнаманы әлемдік стандарттарға сәйкес жаңғырту - Қазақстан дамуының басты басымдығының бірі екені айтылды. Тәуелсіздік жылдары КЕҰ мен түрлі бірлестіктердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауды көздейтін бірқатар заң қабылданды. Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдар 100-ден 22 мыңға дейін өсті (1990 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықта).

Спикерлердің айтуынша, коммерциялық емес ұйымдар институтын дамытудың шешуші факторы - жүректің қалауы бойынша жұмыс істеу, халықтың жауапкершілікті қабылдауға дайын болуы. «Сол кезде жобалардың сапасы мен тиімділігі анағұрлым артады», - деп атап өтті спикерлер. Көбінесе бұл белсенділік Қазақстанда коронавирус пандемиясының алғашқы толқыны басталған 2020 жылы байқалды.

Былтыр қазақстандық кәсіпкерлер де әлеуметтік жауапкершіліктерін сезініп, карантин кезінде халыққа көмек көрсетіп, ерекше белсенділік танытты. Бұл туралы «Әлеуметтік кәсіпкерлік: тәжірибе, проблемалар және даму болашағы» сессиясында талқыланды. Сессия спикерлері айтқандай, 2020 жылы елімізде әлеуметтік кәсіпкерлік жоғары әлеуетін көрсетті. Жауапты бизнес үшін коммерциялық емес қызметін кеңейту маңызды екені аталды. Мысалы, балалар үйінің тәрбиеленушілерін үлкен өмірге бейімдеу, оларды жұмысқа орналастыру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту және дамыту және т.б.

Жастарды дамытудың жаңа мүмкіндіктерін құру, оларға білім беру мәселесі «Азаматтық қоғамды дамыту жағдайындағы жастар» сессиясында талқыланды.

«Әлеуметтік мәселелерді медиада жариялау» - танымал журналистердің, БАҚ жетекшілері мен блогерлердің қатысуымен өткен тағы бір қызықты сессия. Спикерлер Қазақстанда БАҚ-тың құрылуы мен жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалғанын айтты. Алайда, масс-медиа жұмысында белгілі бір түйткілдер бар делінді.

Екікүндік әлеуметтік жобалар форумының қорытындысында қатысушылар ТДМ-ді іске асыруда мемлекет пен КЕҰ-ның өзара байланысын күшейтуге арналған ұсыныстарды қамтыған Қарар қабылдады.

Форум соңында 14-15 сәуірде Алматыда өткен әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі қорытындыланды.

Биыл жобаның саны рекордтық деңгейге жетті. Ұзын-ырғасы 221 жоба. Ең көп өтінім Алматы қаласынан (35), Алматы облысынан (30), Қостанай облысынан (18), Шығыс Қазақстан облысынан (16), Павлодар облысынан (17) және өзге де өңірлерден келіп түсті.

Жалпы, жәрмеңке өткізіле бастаған 2008 жылдан бері Нұрсұлтан Назарбаев Қоры 303 жобаға қолдау көрсеткен.

          Биыл 221 жобаның 50-і финалға өтті.

Іріктеу нәтижесі бойынша жәрмеңке жеңімпаздары үш аталым бойынша анықталды.

«Қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік бейімдеу және  сауықтыруға көмектесу» аталымы бойынша жеңімпаздар:

- «Арал Ару Ана»  ҚБ (Қызылорда облысы, Арал қ.). Бірлестік Арал қаласында 5-12 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі және дені сау балаларды дамыту орталығын ашу жобасын жүзеге асырады. Орталық балалардың психикалық денсаулығын қорғауға, білім беру үдерісіне озық әдістерді қолдана отырып, баланың қабілетін еркін әрі тиімді дамытуға қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған;

          - «Қорғалжын экологиялық обсерваториясы» ЖМ (Ақмола облысы, Қорғалжын ауылы). Мекеме ерекше күтімді қажет ететін жас зерттеушілерді тәжірибелік орнитологиямен айналысуға тарту бойынша жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жоба аясында мақсатты аудиторияны әлеуметтендіру құралдарын кеңейту мақсатында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға балама білім берудің пилоттық экологиялық бағдарламасын енгізу жоспарлануда;

          - «ҚазРосса» жастар қоры» ҚБ (ШҚО, Өскемен қ.). Балаларға, соның ішінде ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған ермексаз анимациясы мектеп-студиясын құру жобасы. Бұл арт-терапия және ерте даму сатысындағы түбегейлі тың ұсыныс.

          - «Береке Астана» мүгедектер бірлестігі» ҚБ (Нұр-Сұлтан қ.). Бірлестіктің «әлеуметтік күтуші» жобасы аз қамтылған, көпбалалы және мүгедек балалары бар отбасылардың тұрмыстық әрі қаржылық жағдайын жақсартуға, ата-ана ауыртпалығын азайтуға, аналардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге, 1,5 жастан асқан балалары бар  аналарға және бала күтімі бойынша демалыста отырған аналардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Балалар екі ауысымда қатыса алады: І ауысым – жұмыс күндері 8.00-12.00 дейін, II ауысым - 13.00-17.00 дейін.

          «Халықты әлеуметтік-құқықтық қорғау. Азаматтық құқық пен бастамаларды қорғау» аталымы бойынша жеңімпаздар:

          - «Reliance» ҚҚ (Алматы қаласы). Жоба «Community Media Hub» инклюзивті медиа мектеп ашуды көздейді. Онда медиа-продюсерлерді дайындайтын жаттығу алаңы болады. Олар заманауи сандық технологияларды, аудио, бейне өнімдерді шығаруды, контент жасауды, сандық қоғамдық БАҚ құруды үйренеді. Білім беру бағдарламасы зағиптар, есту қабілеті нашар және аз қозғалатын адамдарға арналған курстардан тұрады;

- «Akhmet Joly» ҚБ (Қостанай қ.). «KidsLaw» бірлестігінің жобасы. Бұл жоба балалар мен жасөспірімдерге өз құқықтары мен бастамаларын өздеріне қызықты формада – анимациялық бейнероликтер арқылы үйренуіне көмектеседі. Өз құқықтарын білудің арқасында балалар өзін және достарын өмірдің жағымсыз жайттарынан қорғай алады. Бейнероликтерде өздерінің мысалдары арқылы күрделі жағдайдан қалай шығу керектігін көрсететін анимациялық кейіпкерлер ұсынылады. Бейнероликтер заңгерлердің, психологтардың, педагогтардың және балалардың қатысуымен жасалады.

«Адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау» аталымы бойынша жеңімпаздар:

          - «Қатерлі ісікпен күресейік» ҚҚ (Алматы қаласы). Қордың жобасы «Халықтың репродуктивті денсаулығын сақтау» деп аталады. Жоба аясында жатыр мойны қатерлі ісігінің қаупін азайту мақсатында ақпараттық жұмыстар жүргізу жоспарланған. 18-25 жас аралығындағы 300 жас қыз-келіншіктер тексеріледі. Қатерлі дерттің қаупін азайту мақсатында санитарлық-ағарту жұмыстары жүргізілмек. Қолданыстағы репродуктивті денсаулық сақтау жүйесін және жастардың репродуктивті әлеуетін бақылау әдістемесін оңтайландыру бойынша ұсыныстар әзірленеді;

- «ЭКОМ» ҚБ (Павлодар қ.). «Сарыарқа даласы» – даланың тынысы» жобасы қала аумағын декоративті жабайы өсімдіктермен көгалдандыруға бағытталған. Жасыл желек отырғызумен қатар, жабайы өсімдіктерді пайдалану мен күту бойынша нұсқаулықтар әзірлеу, белсенді азаматтарға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының мамандарына, жоғары оқу орындарының студенттеріне, биология және технология мұғалімдеріне арналған семинар-тренингтер өткізу жоспарланған.

Әрбір жеңімпаз жүлде ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Қорынан 2,6 миллион теңгеге дейін (жобаның қажеттілігіне байланысты) грант алды.

Түсініктеме қалдыру