news-img

Елімізде бүгіннен бастап Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастамасымен «Елбасы жылуы» ауқымды қайырымдылық акциясы басталды. Мұны Нұрсұлтан Назарбаев Қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен «Дегдар» қайырымдылық қоры акция аясында республикадағы мұқтаж жандарға көмектеседі. Жақын күндері Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарынан 681 отбасы азық-түлік пен алғашқы қажетті тауарларды алады.

Аз қамтылған көпбалалы отбасыларға, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және Ұлы Отан соғысының қатысушылары бар жанұяларға көмек көрсетіледі. Мұқтаж 681 отбасының әрқайсысы салмағы шамамен 132 келі тартатын тауарларды алады. Атап айтқанда, бұл ұн (25 кг.), картоп (25 кг.), жеміс, күріш, қарақұмық, шай, қант, күнбағыс майы, гигиеналық құралдар және т.б.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы акцияның жүзеге асуын ерекше атады: «Коронавирус пандемиясы әлем елдері үшін ауыр сынақ болды. Әрі қамқор жандардың қайырымдылық бастамаларының көбеюіне айтарлықтай серпін берді. Соңғы жылдары ұйымның мұқтаж жандарға қалай көмектескеніне мыңдаған жан куә болды. Бұған қоса, Елбасы бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорының аясында миллиондаған жерлесімізге азық-түлік, медициналық құрал-жабдық және қаржы түрінде көмек көрсетілді. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры өз тарапынан елдегі қатаң карантиндік шаралардың алғашқы күнінен бастап дәрі-дәрмек сатып алуға және медицина қызметкерлерін қолдауға 200 миллион теңге бөлді. Бұдан кейін Қор бірнеше рет медициналық мекемелерге коронавирустан қорғану құралдарын, өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алды».

«Дегдар» қорының директоры Лаура Ахметованың айтуынша: «Елбасы жылуы» акциясы мұқтаж отбасыларды қолдауға бағытталған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір игі бастамасы. Қайырымдылық шараларын өткізуде тәжірибесі мол «Дегдар» қоры Нұрсұлтан Назарбаев Қорымен бірге талай шаруаны қолға алды. Мұқтаж жандардың өтінішіне құлақ түріп, талдау жасап, тауарды сатып алу мен жеткізуді қамтамасыз еттік. Қайырымды бұл істі өзгелер де жалғастырып, насихаттайды деп сенеміз. «Елбасы жылуы» акциясы басқа ұйымдарға үлгі-өнеге болады деп үміттенеміз».

Түсініктеме қалдыру