news-img

АЛМАТЫ. НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ҚОРЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ. Алматыда «Құқықтық диалогтар» жобасы аясында «Қазақстанның қылмыстық құқығының классиктері» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанындағы Сорбонна-Қазақстан институтының бірлесуімен, «Almaty Adaldyk alany», «Ізгілік елшісі» еріктілері мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қолдауымен ұйымдастырды.  

«Құқықтық диалогтар» атты дәрістер мен дөңгелек үстелдер топтамасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары, Еуропа Кеңесі Венециялық комиссиясының Қазақстан Республикасы атынан мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор, АХҚО құқық академиясы академиялық кеңесінің мүшесі Игорь Рогов кездесудің дәріскер-модераторы болды.

- Жаңа мемлекет, жаңа құқықтық жүйені құру үдерісі неліктен сәтті жүрді? Меніңше, бұл Қазақстанда құқықтық мектептің қалыптасуына байланысты болса керек. Сол себепті, еліміздің заң жүйесін құрған, заңгерлердің тұтас буынын тәрбиелеген ғалымдарды, ұстаздарды еске алатын кез келді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев әркез ғалымдар мен олардың сіңірген еңбектеріне зор құрметпен, ілтипатпен қарайды. Осыған орай Нұрсұлтан Назарбаев Қоры республиканың құқықтық дамуына айтарлықтай үлес қосқан қазақстандық заңгер-ғалымдарға арналған бірқатар кездесу өткізуді қажет деп тапты. Бұл жандардың пайым-парасаты ерекше ғылыми негіздеуге лайық, ал  олардың патриотизмі мен Отанға деген қамқорлығы әрбір жас толқынға үлгі-өнеге болуы керек, - деді Игорь Иванович.

Профессор Роговтың дәрісінде мынадай танымал заңгерлердің есімдері аталды: Василий Маркелов, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінің қылмыстық құқық кафедрасының меңгерушісі; Георгий Поленов, Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде 40 жылдан астам еңбек еткен; Елеген Қайыржанов, отандық криминологияның негізін қалаушылардың бірі; Үзеке Жекебаев, қылмыстық құқық, криминология және қылмыстық құқық саласындағы маман; Ғалирашид Баймұрзин, әуелі құқық қорғау жүйесінде, кейін қылмыстық құқық және криминология кафедрасын басқарды.

Дәріскер қазақстандық қылмыстық құқық ғылымының негізін қалаушыларға баса мән берді: Тайыр Күлтелеев, Қазақстандағы заң ғылымы мен құқықтық білімді ұйымдастырушылардың бірі, қылмыстық құқық кафедрасында кандидаттық диссертациясын қорғаған алғашқы қазақ заңгері, қазақтардың әдет-ғұрып заңдарын жүйелі түрде зерттеуші, Сергей Булатов, француз және неміс қылмыстық құқығы тарихы мен 1959 жылғы Қазақ КСР-нің алғашқы Қылмыстық кодекс авторларының шығармашылығын зерттеуші.

«Құқықтық диалогтар» жобасының үйлестірушісі - Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Сорбонна-Қазақстан институтының директоры, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Айнұр Сәбитова (a.sabitova@sorbonne.kz).

Дөңгелек үстелге Каспий қоғамдық университетінің профессоры Сағындық Күлтелеев (Тайыр Күлтелеевтің ұлы); Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Жалаири; М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы, құқықтық саясат, конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жобаларының жетекшісі Сергей Ударцев; Ресей Федерациясының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқық институтының құқық қорғау органдары, қылмыстық іс жүргізу және адам құқықтары қызметі үшін адвокаттарды даярлау кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Олег Зайцев; Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамы өкілдігінің басшысы Йорг Пуделька және т.б. қатысты.

Спикерлер құқықтық ғылымның негізін салған, заң ғылымы саласында мамандар даярлаған, қылмыстық құқық саласында ғылыми еңбектер жазған Қазақстанның көрнекті заңгерлерін еске алды. Жиынға қатысушылардың пікірінше, еліміздегі заң ғылымдарының негізін қалаушылардың кәсіби һәм әлеуметтік қызметін ғылыми тұрғыдан пайымдау жүйелі түрде жүруі керек әрі бұрыннан белгілі заңгерлермен қатар, адам құқығын қорғауға бел буған жастарға да ерекше назар аудару қажет.

Айта кетейік, «Құқықтық диалогтар» дәрістер топтамасына ғылыми қоғамдастық өкілдері, қылмыстық құқық саласындағы сарапшылар, зерттеушілер, тәжірибелі адвокаттар және құқықтық мәселеге қызығушылық танытқан жандар қатыса алады.

Келесі құқықтық диалогқа арқау болар өзекті тақырыпты үйлестіруші Сәбитова Айнұрға жіберуге болады (a.sabitova@sorbonne.kz).

Алғашқы дәрістің бейнежазбасын мына сілтеме бойынша көре аласыздар: https://www.youtube.com/watch?v=upnSxsCqv2Q

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Алматыдағы өкілдігі
PR-менеджер Артур Жұмашев
e-mail: pr.zhumashev@gmail.com
+7 727 305 36 19
+7 708 960 56 13

Түсініктеме қалдыру