ШЫҰ ФОРУМЫ XVI ОТЫРЫСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
2021 жылғы 25 мамырда Шанхай ынтымақтастық ұйымы форумының XVI отырысы өтті. Іс-шараға ШЫҰ-ға мүше елдердің жетекші ұлттық зерттеу орталықтарының өкілдері, дипломатиялық корпустың және Ұйым Хатшылығының өкілдері қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) ШЫҰ форумы шеңберінде Қазақстан атынан әрекет ететін ұлттық үйлестіруші болып табылады. Институт тарапынан Форумда ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев және ӘЭСИ бас сарапшысы Лидия Пархомчик қатысты.
Форум жұмыс істеген 16 жыл ішінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің «ой фабрикалары» арасындағы өзара іс-қимыл үшін қолданылған маңызды платформа болды. ШЫҰ форумы сараптамалық және ғылыми орта өкілдерін біріктіре отырып, Ұйымның негізгі консультациялық-сараптамалық тетігіне айналды.
Форумға дайындалған талдау материалдары, сондай-ақ ШЫҰ кеңістігінде әріптестік байланыстарды кеңейту жөніндегі ұсыныстар Ұйым шеңберіндегі өзара тиімді ынтымақтастықтың дамуына елеулі дәрежеде ықпал етті. Отырысқа қатысушылар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер, бақылаушылары және диалогтық әріптестері кезігетін негізгі тәуекелдер мен сын-қатерлерді еңсеру жөніндегі шараларға қатысты өз ойларын ортаға салды.
ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев өз сөзінде мемлекетаралық кооперацияның екінші сатысын тиімді іске қосатын пәрменді халықаралық сараптамалық платформа ретінде ШЫҰ форумының жоғары деңгейлі қажеттілігін атап өтті. Қазіргі геосаяси процестерді және пандемиядан кейінгі қалпына келтіру кезеңіндегі ШЫҰ-ның әлеуетті рөлін жан-жақты тұжырымдамалық бағалау үшін бірлескен іс-әрекеттің қажеттілігі ерекше айқындалды.
ӘЭСИ директоры сондай-ақ әлемдегі геосаяси тұрақсыздық жағдайында жаһандық экономика күрделі дағдарыс кезеңін өткеріп жатқанын былай деп сипаттады: «Коронавирус пандемиясы жаһандық экономиканы өткен ғасырдағы Ұлы күйзеліске дейінгі, бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін түсірді. ХВҚ есебі бойынша әлемдік экономика өткен жылы 3,3% - ға азайған. Осыған орай, сауда, инвестициялар деңгейі сияқты т.б. халықаралық ынтымақтастықтың барлық көрсеткіштері бойынша теріс динамика байқалады».
ШЫҰ Бас хатшысы Владимир Норов өз сөзінде Ұйымның құрылғаннан бергі үшінші онжылдықта күрделі халықаралық жағдайға аяқ басқанын айта келіп: «Заңсыз санкциялар енгізу тұрақты үрдіске айналды, ондаған жылдар бойы әлемде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдауға ықпал еткен халықаралық тетіктер бірінен соң бірі істен шығып жатыр», -деп атап өтті.
ШЫҰ Бас хатшысының пікірінше, осындай жағдайларда пандемияның сын-қатерлерін ескере отырып, дағдарысқа қарсы шаралар мен ұжымдық іс-қимылдарды әзірлеу ШЫҰ форумы ден қоятын негізгі басымдыққа айналуы тиіс.
Пандемия кезінде ШЫҰ-ға мүше елдер ынтымақтастық пен өзара қолдаудың жоғары деңгейін көрсеткені айтылды. Ресей СІМ ММХҚИ Шығыс Азия және ШЫҰ зерттеу орталығының директоры Александр Лукин атап өткендей, Ұйым 20 жыл ішінде ұзақ даму жолынан өте отырып, бүгінде әлемнің өзіне деген үлкен қызығушылығын тудырады. «ШЫҰ өз болмысымен өңірлік ынтымақтастық бірлестігі бола отырып, қалыптасып келе жатқан көпполярлы әлемнің жоғары әлеуетті орталығына айналып келеді»,- деп түйіндеді сарапшы.
Қытай халықаралық проблемалар академиясының Вице-президенті Жун Ин ашықтық қағидаты мен «ортақ тағдыр қоғамдастығы» тұжырымдамасын ұстану ШЫҰ-ға мүше елдерге мемлекетаралық байланыстарды үдемелі кеңейтуге және өзара тиімді әріптестік қатынастарын тереңдетуге мүмкіндік беретініне ерекше назар аударды. ШЫҰ-ның халықаралық ықпалының артуы Ұйымға мүше елдердің өңірлік қауіпсіздіктің жаңа жүйесін құру жолындағы күш-жігерінің табысты болғандығын дәлелдейді.
Өз кезегінде Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты директорының орынбасары Санжар Валиев: «Азия елдерінде де, сондай-ақ одан тыс жатқан елдерде де ШЫҰ-да үстемдік ететін өзара құрмет рухына деген қызығушылық барған сайын арта түсуде», - деді спикер.
Пәкістанның жаһандық және стратегиялық зерттеулер орталығының президенті Сайид Халид Амир Джаффари Форумның қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың келешегіне арналған бірінші сессиясының модераторы ретінде ШЫҰ құрылғаннан бері Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты сақтаудың негізгі элементіне айналғанын айтты.
Бұл пікірді Үндістанның Тәжікстандағы бұрынғы елшісі Йогендра Кумар да қолдады. 20 жылдық дамуы кезеңінде ШЫҰ өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында проактивті саясатты іске асыратын ықпалды халықаралық құрылымға айналды. Ұйым негізгі аймақтық ойыншылардың «жұмсақ геосаяси тепе-теңдігін» қамтамасыз етеді.
Екінші сессия аясында сарапшылар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты өрістету мәселелерін талқылады.
Сессия шеңберінде сөз сөйлеген ӘЭСИ сарапшысы Лидия Пархомчик ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бірінші кезектегі міндеті Ұйым елдерінің ұлттық экономикалық мүдделерін ұштастыру болып табылатынын атап өтті. «Бұл ретте өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге, бизнес-байланыстарды дамытуға, жүк ағынының көлемін ұлғайтуға және логистика жағдайын жақсартуға, сондай-ақ электрондық сауда айналымын үдемелі арттыруға ерекше назар аударылуы тиіс», - деді сарапшы.
Ұлттық экономикалардың бірін-бірі толықтыратынын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен көпжақты бірлестіктер, оның ішінде ЕАЭО мен АСЕАН арасындағы сауда-экономикалық саясатты үйлестіру мүмкіндіктерін ескере отырып, ШЫҰ-ға қатысушы елдердің Еуразияда өзара тиімді және тең құқықты әріптестік кеңістігін қалыптастыру үшін барлық алғышарттардың бар екені туралы айтылды.
Форум қатысушыларының келесі талқылауында пандемия дағдарысының жағымсыз салдарына төтеп беру мәселелері басты назарда болды. Мүше елдер, диалог бойынша әріптестер және байқаушылар мәртебесіндегі 18 қатысушыдан тұратын «ШЫҰ отбасы» кеңістігінің зор экономикалық әлеуетке ие екендігі тағы да ерекше назар аударылды. Жалпы әлемдік ЖІӨ-нің 24% үлесімен 3 миллиардтан астам адамды немесе, басқаша айтнқанда, әлем халқының шамамен 40%-ын біріктіре отырып, ШЫҰ әлемдік сауда және қаржы ағындарын тарту орталығына айналып келеді.
Іс-шара соңында ШЫҰ форумының XVI отырысына қатысушылар көпжақты өзара іс-қимыл жоспарларын ілгерілетудің, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын салаларда бағдарламалар мен жобаларды тиімді іске асырудың маңыздылығын ескерді.
Жалпы айтқанда, өткен ШЫҰ форумы осы жылдың 16-17 қыркүйегінде Тәжікстанның астанасы Душанбе қаласында өтуі тиіс және ШЫҰ-ның құрылғанына 20 жыл толуына арналған Ұйымның мемлекет және үкімет басшылары кеңесінің алдағы мерейтойлық отырысы қарсаңындағы маңызды дайындық іс-шарасы болды.