news-img

«Елбасы медалі» жобасына қатысушылар көшбасшылық дағдыларын дамытып қана қоймай, спортпен шұғылдануға да көңіл бөледі.

Екінші жыл қатарынан жоба аясында 10 мыңнан астам жас қазақстандық спортпен және дене шынықтырумен айналысты. Спортпен шұғылданудың ұзақтығы – 6 айдан 18 айға дейін. Қатысушыларға тәлімгерлер қолдау білдіріп, эмоционалды-рухани жағынан көмектеседі. Осы уақыт ішінде жастар салауатты және белсенді өмір салтын ұстанудың тұрақты әдетін дамытады.

Жобаға қатысушылардың арасында Ұлт көшбасшысы айналысатын спорт түрлерімен әуестенгендер де бар. Олардың саны 80-нен асады. Ең танымал спорт түрлері – күрес, жүзу, үстел және үлкен теннис, тау шаңғысы.

Мысалы, Алина Шишингарина - ашық суда жүзу және жүзуден СШҮ, «Азия балалары» ХСО финалисі, Дубайда өткен Халықаралық турнир финалисі, жүзуден өз жас санатында ҚР бірнеше дүркін чемпионы. «Мен қазір Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Дене шынықтыру және спорт» бағдарламасы бойынша оқимын. Жаттықтырушы болуға және отандық спортты дамытуға үлес қосқым келеді», - деді жас чемпион.

Қисыны келіп тұрғанда айта кетелік, «Спорт және денешынықтыру» бағыты жобадағы  ең танымал бағыттардың бірі. Қатысушылар тапсырма есептерін жүктеп, спорттық іс-шараларға белсенді қатысады.

Олардың басым бөлігі бағытты одан әрі жалғастырып, құрдастарының арасында микроинфлюенсер атанды. Мысалы Талдықорған тұрғыны Бауыржан Қадырханов «Елбасы медалі» жобасында өзінің спорттық дағдыларын дамытып, әлеуметтік желіде жетістіктерімен бөлісіп жүр.

Ол 6 ай ішінде өзінің YouTube арнасын (4 мың жазылушы) және TikTok желісіндегі парақшасын (44 мың жазылушы) дамыта алды. Жас жігіт өзінің жарияланымдарында спорттық өмір салтын белсенді түрде насихаттайды. Мысалы, Бауыржан жүктеген ең танымал бейне – «Челлендж: 30 күн тек су ішеміз» 245 мың рет қаралса, «Турникте тартылу техникасы» 4 мың рет қаралған.

Естеріңізге сала кетейік, «Елбасы медалі» - жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Бағдарлама 7 негізгі бағыттан тұрады: спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, туристік саяхаттар, еңбек практикасы. Бағдарлама 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған.

Түсініктеме қалдыру