news-img

Бүгін «Цифрлық трансформация және өмірдің жаңа сапасы» атты «OPEN MIND» ашық инновациялардың бірінші онлайн форумы  басталды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырған форум 20-21 қазан күндері өтеді.

Форум коронавирус пандемиясына байланысты бүкіл әлемде орын алған жедел цифрлық трансформация мәселелеріне арналған.

Толғауы терең түйткілді Қазақстан Үкіметінің, корпоративтік сектордың, сарапшылар қауымдастығының өкілдері, шетелдік цифрлық сервистерді әзірлеушілер, IT-компаниялардың басшылары және т.б. талқылайды.

Салтанатты іс-шараны ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаеваның баяндамасын оқыды: «Біз карантиндік шектеулер цифрландыру үрдісінің тез дамуына катализатор болғанына куә болдық. Кез келген дағдарыс секілді пандемия да адамзатқа сын-қатерді ғана емес, жаңа мүмкіндіктерді де ұсынды. Ашық инновациялар форматы жеделдетілген цифрлық трансформация сияқты өзекті трендке айналды. Цифрландыру мен ашық инновациялар саласында белгілі қауіп-қатерлер де бар екенін түсінеміз. Қазір кәсіби ортада киберқауіпсіздік және жеке деректерді қорғау мәселелері жиі қозғалады. Электрондық коммуникация саласындағы осы айдағы оқиғалар мұның қаншалықты өзекті екенін көрсетті. Ашық инновациялар қоғамның, мемлекеттік және корпоративтік институттардың тиісті деңгейде дамыған кезде ғана тиімді екенін атады».

Спикерлер өткізіліп отырған Форум Қазақстанның цифрлық жүйесін дамытуға, мейлінше тиімді іске асыруға мүмкіндік беретін құралдарды анықтауға ықпал ететініне сенім білдірді.

RoboCup Азия-Тынық мұхиты халықаралық конфедерациясының (RCAP) президенті, RoboCup федерациясының вице-президенті Чанцзю Чжоу Қазақстанның IT-технологияларды дамытуға және енгізу сынды жұмыстарына оң баға берді. «Цифрлық трансформация қоғамның барлық саласында өте маңызды. Қазақстан цифрлық трансформацияда мол табысқа жетеді деп сенемін. RoboCup конфедерациясының жарысына қазақстандық студенттер көп қатысады. RoboCup – университеттердің, ғылыми-зерттеу институттарының және өнеркәсіптің дамуына қомақты үлес қосатын таланттардың нағыз инкубаторы», - деді.

Форумның  бірінші күні спикерлер «Ашық инновациялар және жаңа цифрлық шындықтың сын-қатерлері», «GovTech және DigitEl: бұл не және не үшін керек?», «Цифрландыру және құқық: жаңа сын-қатерлер» сияқты өзге де талай  тақырыпты талқылады.

Форумның екінші күні стартап мәселесіне арналады. Қазақстандық стартаптардың шетелдік нарыққа шығуы, ІТ-аутсорсингті дамыту, қазақстандық университеттер жаңа технологиялық жобалардың пайда болуына алаң бола ала ма деген мәселелер қозғалады.

Бұған қоса, форум аясында 21 қазан күні Нұрсұлтан Назарбаев Қорының «KazRoboProject-2021» робототехника байқауы мен «Smart Zholy» жобасының жеңімпаздары анықталады. Жыл сайын робототехника біріншілігі (10 жастан 21 жасқа дейінгі жастар арасында өткізіледі) еліміздің барлық өңірінен ондаған жас өнертапқыштың есімін жариялайды. «Smart Zholy» бағдарламасы болашағы зор IT-стартаптарды қолдауға, үздіктерін халықаралық деңгейге шығаруға бағытталған. Бағдарлама жеңімпаздары бірнеше жыл қатарынан Сингапурдағы Оңтүстік-Шығыс Азияның ірі стартап алаңында жобаларын ұсынды.

Форумның тікелей көрсетілімін openmind.fnn.kz сайтынан көруге болады.

Түсініктеме қалдыру