Ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту қолжетімді бола түсті
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар 160 000-нан астам бала тіркелген, олардың көпшілігі тұрақты түрде оңалтуды қажет етеді.
Мүгедек баланы бағу – үлкен сынақ. Ата-аналар көбінесе ақпараттың аздығы мен қолжетімсіз оңалту мәселесімен ұшырасады. Көбісі неден бастауды және баласын қалай емдеп, дамытуға болатынын білмейді. Сонымен қатар, жеке орталықтардағы емдеу курсының бағасын екінің бірінің қалтасы көтере бермейді.
Сол себепті еліміздегі оңалту жүйесі жетілдіруді, мұқтаж жандарға көбірек қол ұшын созуды талап етеді. Елордадағы Республикалық балаларды оңалту орталығынан тегін көмек алуға болады. Бірақ республикаға бір ғана орталық жеткіліксіз. Ал кезек күткен балалар алтын уақытын жоғалтады. Оңалтуды қажет ететін кез келген аурудың, оның ішінде нейро-ортопедиялық дерттерге оңалту іс-шараларын мүмкіндігінше ертерек бастап, үнемі жүргізу қажет.
Қазақстанда нейро-ортопедиялық ауытқуы бар балаларды заманауи, тұрақты кешенді оңалту үшін 2020 жылдың соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры «Қамқорлық» бастамасы аясында өңірлерде алғашқы 7 оңалту орталығын және 1 «Қамқорлық» ерте араласу орталығын ашты. Бір жылдың өзінде олар 5716 баланы қабылдады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «Қамқорлық» орталықтары балаларды оңалтуды 3 есеге арттырды.
Биыл тағы 8 оңалту және 19 ерте араласу орталығы іске қосылады. Жыл сайын 21 000-нан астам бала емдеуден өтеді.
«Қамқорлық» орталықтары халыққа ыңғайлы болу үшін ауруханаларда орналасқан. Мұнда балалармен тиімділігі әлдеқашан дәлелденген арнайы оқудан өтетін білікті мамандардан құралған мультидисциплинарлық топ жұмыс істейді. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ қолдауымен орталық үздік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тұрғылықты жері бойынша емханада оңалтуға жолдама алған балалар жылына бірнеше рет тегін оңалтудан өте алады.
Орталық мамандарының жүйелі жұмысының арқасында дамуы жақсарған балаларға қарап бұл бастаманың маңызын көруге болады.
Өскемендік 15 жастағы Айзереге буындарды жақсартатын ортопедиялық ота жасалған. Аймақта отадан кейінгі толық оңалтуға арналған арнайы мекеме жоқ еді.
Өскеменде ана мен бала орталығында заманауи оңалту орталығының ашылғанын естіген қыздың ата-анасы буындарды шұғыл түрде емдеуге шешім қабылдады. Бұдан кейін Айзере «Қамқорлық» орталығында оңалтудан өтті. Қазір ол емін-еркін қозғала алады.
«Қамқорлық» ерте араласу орталықтарында балалардың мүгедектігін алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Семей және Есік қалаларында. Жақында 3 орталық ел игілігіне берілмек. 2022 жылдың соңына дейін тағы 13 ерте араласу орталығы балалар мен ата-аналарға есігін айқара ашады.
Ерте жаста көмек көрсетілсе, нәтижесі де жақсы, себебі балалар өзгеріске икемді, бейім келеді. Бұған Оралдық Шынзардың хикаясы дәлел. Орал қаласындағы «Қамқорлық» орталығына ол бір жастан асқан кезде келген. Еңбектеп жүре де, тұра да алмайтын. Орталықта 2 оңалту курсынан өтті. Бірінші курстан кейін ол еңбектеуді үйренді, аздап тұра бастады. Екінші оңалту курсынан соң ол жүріс арбасының көмегімен бірнеше қадам жасайтын болды.
Ерекше қажеттілігі бар бала бағып отырған әр отбасы баласының тезірек сауығып кеткенін қалайды. Туабітті нейро-ортопедиялық ауытқуы бар балаларға кешенді көмек көрсетудің жаңа жүйесін құрған «Қамқорлық» орталықтары бұған үлкен көмек көрсетеді.
Енді ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-анасына жылдар бойы кезек күтудің, Елордаға немесе шетелге барып емделудің қажеті жоқ. Бүлдіршіндер өз қаласында, облыс немесе аудан орталығындағы сапалы, тұрақты, ең бастысы тиімді оңалтудан өте алады.