Қордың стипендиаты Танзила Евлоева: Талант әркімде бар, оны дер кезінде аша білу керек
Біз дарынды жастар туралы әңгімемізді жалғастырамыз. Креативті әрі өршіл жастар бүгінде үлкен өмірге қадам басуда. Білімін студенттік олимпиадаларда, байқаулар мен жарыстарда дәлелдеп келеді. Соның бірі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің төртінші курс студенті «Есеп және аудит» мамандығы бойынша білім алып жатқан Танзила Евлоева.
Танзила жоғары оқу орындары ішіндегі, республикалық және халықаралық байқаулар мен конференцияларға белсене қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Атап айтсақ, «Бухгалтерлік ғылым: кеше, бүгін және ертең» атты студенттік ғылыми-зерттеу жұмыстарының халықаралық байқауында I орын, «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік аспектісі: цифрлық экономика жағдайындағы дамудың мәселелері мен тәсілдері» атты халықаралық студенттік ғылыми жұмыстар байқауында II орын, «Тәуелсіз Қазақстанның студенттік ғылымы: болмысы мен болашағы» ғылыми-тәжірибелік конференцияда II орын алған.
Танзила республикалық және халықаралық конференциялардың жинақтарында жарияланған бухгалтерлік есеп және экономика бойынша түрлі тақырыптағы бірқатар ғылыми мақаланың авторы.
- Талант, бірдеңеге икемділік әркімде бар, тек оны дер кезінде аша білу маңызды. Сол себепті құрдастарыма жан-жақты дамуға, жаңа бір нәрсені байқап көруге, мақсатқа жетуде табандылық танытуға және ең бастысы, өзіне сенуге кеңес берер едім, - дейді Танзила Евлоева.
Оқудағы және ғылыми қызметтегі жетістіктері үшін ол «Шоқан Жұлдыздары» медалімен және дипломымен, сонымен бірге университеттің дамуына қосқан үлесі үшін үшінші дәрежелі медалмен марапатталды.
- Бұл жетістіктерім үшін ғылыми жетекшім бизнес және қызмет кафедрасының профессоры Белгібаева Анаргүл Сәрсенбайқызына қарыздармын, себебі ол кісі маған сеніп, байқауға қатысуды ұсынды және екі жыл қатарынан бағыт берді, көмектесті, қолдады, - дейді Танзила.