news-img

Елордада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Музейінің ғимаратында «Жаңа Жібек жолы: уақыт, кеңістік және болмыс» көрмесі ашылды.

Көрменің авторлары әлемге әйгілі париждік фотографтар, суретшілер мен сәулетшілер, «Atelier Morales» студиясының негізін қалаушылар Хуан Луис Моралес және Тереза Аюсо. Шығарманың мәтінін британдық тарихшы Питер Франкопан дайындаған.

Суретшілер көптеген көрмеге қатысқан. Туындылары Берлин, Гавана, Мехико, Майами, Париж, Цюрих, Париж, Лос-Анджелес және т.б. қалаларда қойылды.

Қазақстан астанасында 2022 жылдың 28 шілдесіне дейін өтетін фотокөрме Жібек жолы өркениетінің мәдениетін, ғасырлық сәулет мұрасын, түрлі елдің табиғаты мен сан ғасыр бойы жұмыс істеп келген сауда жолы бойында орналасқан ірі құрылыстарды, елді мекендерді бейнелейді.

Көрменің ашылу салтанатына Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат, «Reinventing Bretton Woods Committee» атқарушы директоры, «Global Forum Resources» директоры Марк Узан, Палестина, Италия Республикасы, Түркия Республикасы, Иордан Хашимит Корольдігінің Төтенше және Өкілетті елшілері, Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің өкілдері, сонымен бірге Біріккен Ұлттар ұйымының (Нұр-Сұлтан қ.) өкілдері және т.б. қатысты.

«Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Тұңғыш Президент Кітапханасына, сондай-ақ біздің серіктестер - UTLC ERA мен «Астана» халықаралық қаржы орталығына осы көрмені өткізгені үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Көрменің көркін ашқан тамаша мәтін үшін тарихшы Питер Франкопанға алғыс айтамын. Көрме Терезе және Хуан Луис Моралес сынды екі суретшінің арқасында өтті. «Global Forum Resources» компаниясы қолдаған бұл жоба бізді әу бастан-ақ қатты жігерлендірді. Мыңдаған шақырым жолды артқа тастап бүкіл Қытай, Қазақстан, Өзбекстан мен Әзірбайжанды, содан кейін Гамбург, Минск және Калининградты кесіп өту шынымен де ерекше құбылыс», - деді Марк Узан көрменің ашылу салтанатында.

Оның айтуынша, көрме 13 мың шақырымға созылған суретшілердің үлкен сапарының нәтижесі. «Сапарға кіретін орындар мен қалаларды таңдағанда, біз бірнеше ғасыр бұрынғы керуен жолдарын ескердік», - деді Марк Узан.

Айта кетейік, көрмеде көрсетілетін фотосуреттер Венециядағы 2019 жылғы беделді халықаралық өнер биенналесінде қойылған. Сонымен бірге, фототуындылар «Жаңа Жібек жолы: уақыт, кеңістік және болмыс» атты жинақпен жарық көрді.

Көрмені Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, «Global Forum Resources», «Atelier Morales» ЖШҚ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Бірлескен көлік-логистикалық компания – Еуразиялық теміржол альянсы» АҚ ұйымдастырды.

Түсініктеме қалдыру