news-img

Еліміздің талантты музыканттары классикалық және халықтық композициялардың екінші тынысын ашты. Симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен танымал орындаушылар көрерменге «Жаңа дем» атты тәжірибелік концерт ұсынды.

Ерекше форматта өткен «Жаңа дем» концерті – Нұрсұлтан Назарбаев Қоры лауреаттарының дәстүрлі концерті. Бұл қордың жастарға арналған көпжылдық тарихы бар тамаша бастамасы. 10 жыл ішінде жоба көрерменге ұнады және елдің асыға күтетін мәдени оқиғасына айналды. 

Қор лауреаттарының концерті – өнерге құштар еліміздің жас дарындарының салтанаты. Шеберлігі ешкімді бей-жай қалдырмайтын олар шығармашылыққа адал. Жоба Қазақстанның мәдени күнтізбесіндегі есте қаларлық оқиғаның бірі. Музыканың, бидің және театрдың бұл симбиозын жыл сайын суретшілер де, көрермендер де асыға күтеді.

Almaty Theatre жаңа заманауи театрының сахнасында мегаполис тұрғындары мен қонақтарына скрипкашы Қаламқас Жұмабаева, опера әншісі Татьяна Вицинская, пианист Гаухар Тасбергенова, виолончелист Ермек Құрманаев, солистер Анжелика мен Евгений Шагаровтар, тенор Меир Байнеш, «Тұран» этно-фольк ансамблі, әнші Ардақ Балажанова, «Ақ әжелер» ансамблі шығармашылықтарын тарту етті.

Барлық қойылым Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Қазақ Ұлттық академиялық опера және балет театрының бас дирижері Ерболат Ахмедьяровтың жетекшілігіме симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтті. Кейбір шығарманы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты Аршат Шәріп басқаратын «Concept choir» аралас хоры безендірді. Алайда бағдарламаның басты оқиғасы DJ Puza лақап атымен танылған белгілі музыкант Әсет Ахатов еді.

 

Танымал классикалық және халық шығармаларының жаңа формасы мен орындалуы бір әдемі шығармашылық экспериментте бірікті. Қордың лауреаты, белгілі музыканттар мен талантты орындаушылар «Адай» (Құрманғазы) күйі, «Explosive» (D. Strange), «Palladio» (K. Jenkins), «March with me» (Vangelis), «Les Indes Galantes» (Rameau), «Libertango» (A. Piazzola), «Casta la diva» (Bellini), «Сүгірдің термесі» (Сүгір), «Шашу» (Е. Брусиловский), «Қараторғай» және т.б. музыкалық композицияларды жаңаша формада тарту етті.

 

Көрермен барлық музыкалық туындыны ерекше ықыласпен қабылдады. Әрбір өнер көрсету ерекше қошеметпен, қуанышты эмоциямен, кеш қонақтарының таңданысымен өтті. Көрермендердің осындай орасан зор іс-шараны сағынғаны байқалып тұр. Сахна, қатысушылардың жағымды эмоциясы мен залдағы атмосфера шығармашылық идеяның жүзеге асуына септігін тигізді. Көрермендер тағы да жаңа кездесудің боларына зор сенім білдірді.

Түсініктеме қалдыру