Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай әлемі» ғылыми байқауы жарияланды

24 ақпан 2020 ж. 0
Байқаудың басталу күні: 25.02.2020
Байқаудың аяқталу күні: 25.05.2020

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған студенттер мен магистранттар арасында «Абай әлемі» ғылыми байқауын жариялайды.

Байқаудың мақсаты - қазақтың ұлы ақыны Абай мұрасын кеңінен насихаттау, дарынды жас ғалымдарды анықтау, ақын шығармашылығының ғылыми тұрғыдан талдануына қолдау көрсету, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру.

Биыл қазақтың ұлы ақыны, философ, гуманист және қазақ классикалық әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Көрнекті ақын-ағартушының бейнесі тек әдебиет саласында ғана емес, музыка және бейнелеу өнерінде де сақталған. Абай орыс классиктерінің шығармаларын бірінші болып қазақ тіліне аударды. Абайдың көркем әдебиеттің дамуына қосқан елеулі үлесі «Қара сөздері» болды. Бұл мұра жастарды қазақ халқының рухани құндылықтарымен таныстыруда маңызды рөл атқарды.

Байқауға магистранттар мен студенттердің қазақ тіліндегі бұрын жарияланбаған, түпнұсқадағы ғылыми мақалалары қабылданады.

Жеңімпаз студенттерге арнайы тақырыптар бойынша ақшалай сыйлық беріледі: бір бірінші орынға - 300 000 теңге, екі екінші орынға - 200 000 теңгеден және үш үшінші  орынға - 100 000 теңгеден, магистранттарға: бірінші орынға - 400 000 теңге, екі екінші орынға - 300 000 теңгеден және үш үшінші орын үшін әрқайсысы 200 000 теңгеден табысталады.

Байқауға ұсынылған жұмыстарды бағалау кезінде мақаланың өзектілігі, ой-тұжырымдардың жаңашылдығы, ғылыми зерттеу нәтижесі, идеялардың түпнұсқалығы, құрылымдылығы мен автордың ойлау дербестігі басшылыққа алынады. Жұмыстарды бағалаудың объективтілігі - қорытынды шешім қабылданғанға дейін анонимділік сақталады.

Үздік ғылыми жұмыстар «Abaialemi.kz» порталында жарияланады.

Өтініштер 2020 жылдың 25 ақпанынан 25 мамырына дейін abai_fond@mail.ru электронды поштасы арқылы қабылданады. Жеңімпаздар 2020 жылдың маусым айында белгілі болады. Толық ақпарат http://presidentfoundation.kz/https://www.qazaq-found.kz/https://abaialemi.kz/ сайттарында.

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының
Баспасөз қызметі
Телефон: +7 7172 708 367
a.isabayeva@fpp.kz

Түсініктеме қалдыру