Елбасы Нұрсултан Назарбаев «Astanaclub» отырысына қатысты

12 қараша 2019 ж. 30823 0

Үлкен Еуразияның қазіргі жай-күйі қандай? Геосаяси оқиғалардың дамуындағы жағымсыз сценарийлер орын алмас үшін қайтпек керек? Қалай алдын-алуға болады? Мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына не кедергі? Осы және өзге де мәселелер «Astana club» аясында талқылануда. Халықаралық диалог алаңы өткізілген 5 жылдың ішінде «Astana club»-қа әлемдік саясаткерлердің көзқарасы алабөтен, қызығушылығы артып келеді. Мұнда заманауи өзекті мәселелер мен ғаламдық проблемаларды шешу жолдары қарастырылады.

«Бізді әлемдік экономикадағы жағдай алаңдатып отыр. Одан төніп тұрған дағдарыстың белгілері барынша байқалып жатыр. Сауда саласындағы қайшылықтар мен гесосаяси тұрақсыздық күшейіп жатқанда жаһандық институттар да тиісті болжамдарын жасап отыр. Жаһандық өсімнің баяулап кетуі әлемдік сауда-саттықтың дамуына кері әсерін тигізуде. Бұл факторлардың барлығы әлемдік тұрақтылыққа кері әсерін тигізіп отыр», - деді «Astana club» V мәжілісінде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы өзге де жаһандық мәселелер туралы айтты. Бұл санкциялар мен державалар арасындағы сауда соғыстары, бүкіл Еуразиядағы бақылаусыз милитаризация процесі, ядролық қарусыздану туралы қолданыстағы келісімдердің жойылуы. Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы ретінде ЕО-ЕАЭО серіктестік диалогы тетігін іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті.

Қазақстанның тұңғыш Президенті мемлекеттер арасындағы қалыптасқан қарама-қайшылықтарды, саяси және экономикалық проблемаларды шешу үшін бүгінгі жағдайда құрлықтағы барлық елдер тар аймақшылыққа, блоктық ойламға берілмей, еуразиялық ауқымды санатта ойлануы керектігін атады. «Тек осылай ғана Еуразиялық субқұрлық өзіне тән әлеуетті іске асыра алады. Дәл осы ретте біздің клуб Үлкен Еуразия атты жаңа геосаяи құрылымда бірыңғай алаң болып отырғаны қуантады», - деді Елбасы.

 

 

 

 

 

 

 

Түсініктеме қалдыру