Корей елінде Наурыз тойланды
Тұңғыш Президент Қоры Korea Foundation және Корей Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігімен бірлесіп өнер сүйер қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Сеул қаласында «Наурыз» фестивалі ұйымдастырылды. Қазақ музыканттары корей көрермендерін қобыз, шаңқобыз, сыбызғы секілді ұлттық аспаптармен тәнті етті. Сондай-ақ мың бұралған бишілеріміз қазақ халқының рухани байлығын паш етті.
Бір айдан астам уақыт өткізілген «Наурыз» фестивалінің аясында Орталық Азияның әр елі өзінің мәдени аптасын ұйымдастырды. Чхонге алаңында өткізілген концертке Қазақстан атынан ұлттық аспаптарда ойнайтын «Ұлы Дала» тобы да қатысты.
Олар халық әндерін жаңа оранжировкада орындады. Соның ішінде «Дударай», «Ақбаян», «Бір бала» әндері ерекше шырқалды. Оған қоса «Ариранг» корей әнін қазақ ұлттық аспаптармен орындап, көрермендерді таң қалдырды.
Біздің әртістеріміздің таң самалы елінде өткізілген Наурыз мерекесіне қатысуы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен Korea Foundation арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылды.