Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті
Бүгін еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Назарбаев орталығында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті.
Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған Елбасымыздың бұл еңбегі еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады.
Сөз басында Президент: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады!», – деп, кітаптың мазмұнын айқындап берген.
Жаңа басылымның тұсаукесер рәсімін ашып, жүргізген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Елбасымыздың жүрек төріндегі толғаныстарынан шыққан бұл кітапты бәріміздің қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған тәуелсіздік энциклопедиясы деп атауға толық негіз бар», – деді.
Жаңа туындыда егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады.
Сонымен қатар, кітапта «қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері сараланған. Қазақстанды жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Бірінші және екінші жаңғырту аясында тоталитарлық жүйеден түбегейлі ажырап, нарықтық экономиканы құру және бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосылу міндеті мерзімінен бұрын орындалды. Үшінші жаңғыртудың мақсаты – елімізді қалыптасқан жаңа жаһандық ахуал жағдайында жаңғырта отырып, әлемдегі ең өркенді 30 мемлекеттің қатарына қосу.
Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады:
- Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар);
- Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар);
- Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2010 жылдар);
- Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010-шы жылдар).
Кітаптың алғысөзінде біздің өз жолымызбен – қазақстандық даму жолымен жүретінімізге назар аударған Елбасы: «Деректерді талдап, оқиғаларға объективті баға беруді үйрену ғана емес, тарихи үдерістерді болашақ тұрғысынан терең түсіну, өткенге қазіргі кезең тұрғысынан көз салу және болашақты ойлай отырып, өткенді ұмытпау – біздің ортақ міндетіміз. Біз тарихтан өзімізге және еліміздің одан әрі дамуына қажетті тағылым ала білуге тиіспіз», – дейді.
Аталған кітапта әр бөлімнің өзі бірнеше бөлімдерге бөлінген. Олардың да атауларына аса мән беріліп, жаңа тарихымыз бен қазақстандық құндылықтардың дәуірлік оқиғалары нақты әрі дәл суреттелген. Атап айтқанда, «Тарихи әділеттілік салтанаты», «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Басты құндылығымыз – бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Сыртқы саясат: тыңға түрен салғандай…», «Қияға көз тіккен Қазақстан барысы», «Баянды болсын Бас қала!», «Саяси тұрақтылықтың жемісі», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Біз әлемдік дағдарыс сынағына төтеп бердік», «Бұрын-соңды болмаған зияткерлік өрлеу», «Әлем мойындаған көшбасшылық», «Көз алдымыздағы ұлы өзгерістер», «Жаңа экономикаға батыл ұмтылыс», «Адам капиталының жаңа сапасы», «Қазақстанның айқын және мызғымас басымдықтары» және тағы басқа бөлімдерде еліміздің жарқын сәттері бүге-шігесіне дейін баяндалады.
Сондай-ақ, кітапта еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген басты 33 жетістігі мен оған жету жолдары жан-жақты айтылған. Олардың қатарында: заманауи қуатты мемлекет құру, халықаралық дәрежеде мойындалған нақты шекара, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі, Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы, нарықтық экономикаға өту, ұлттық валюта, жаңа елордамыз – Астананы салу, қуатты әрі заманауи Қарулы Күштеріміздің құрылуы, кең көлемдегі инновациялық индустриаландыру, әлеуметтік жаңғыру, ЕҚЫҰ-ға және басқа да беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық ету, «Қазақстан-2030» Стратегиясында көзделген басымдықтардың мерзімінен бұрын орындалуы және 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы, Бес институционалдық реформа, ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін өткізу және халқымыздың мақтанышына айналған еліміздің тағы басқа да аса маңызды жетістіктері бар.
Бұл жетістіктердің барлығы тәуелсіздіктің жемісі және Елбасымыздың елі үшін еткен ерен еңбегінің нәтижесі екеніне назар аударған Мұхтар Құл-Мұхаммед:
– Тәуелсіздік заманы Қазақстан үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғаламат дәуір. Соның бәрінде елі үшін туған Елбасы Қазақ елін әлемдік қауымдастықтың ең алдыңғы қатарына шығарды. Қазақстан – бүгінде іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы қуатты, саяси жүйесі сараланған, өз жолын, өз болашағын айқындаған, әлемдік қауымдастық алдындағы беделі биік, үш бірдей жаңғыруды ойдағыдай өткізе білген абыройлы мемлекет. Оның туған халқын замананың сан алуан сынынан аман алып шығып, биіктен биікке бастап келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлындай кемеңгер басшысы бар, – деді.
Одан бөлек, салтанатты іс-шарада Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаров, Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Санат Көшкімбаев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы жетекшісінің орынбасары Леонид Прокопенко және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов сөз сөйлеп, жаңа кітаптың маңызы туралы ойларымен бөлісті.
Олар өз сөздерінде жиынға қатысушылардың назарын кітапта кеңінен сарапталып, сараланған тәуелсіздік тарихының экономикалық, саяси және әлеуметтік қырларына, рухани-мәдени құндылықтарға, осы кезеңдегі маңызды оқиғаларға, оларға берілген тарихи бағаға және оның саяси-әлеуметтік қарым-қатынастағы мәніне аударды. Сол себепті де сөз алғандар Елбасымыздың жаңа кітабы барша қазақстандықтарға, әсіресе, жас ұрпаққа тәуелсіздігіміздің алғашқы он жылдығындағы маңызды оқиғаларды кеңінен біліп қана қоймай, туған Отанымызбен мақтануға, оның жарқын болашағына қандай да бір өз үлесін қосуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Елбасы бұл кітабын: «Тәуелсіз Қазақстан тарихының басты тағылымы мынада: кез келген тығырықтан жол тауып, кедергіні – мүмкіндікке, тәуекелді табысқа айналдырып, ең асқақ арманға қол жеткізу әркімнің өз қолында. Жеңіс пен жетістік – жасқанбай алға ұмтылғанның еншісінде. Қазақстанды жоғары дамыған мемлекетке айналдыратын – азат ойлы, жаңашыл да жасампаз азаматтары. Ол үшін әркім жан-жақты және кемел білімге ден қойып, қажырлы еңбек пен өзін өзі толассыз жетілдіруді өмір салтына айналдыруы қажет. Демек, бүгін де болашақ үшін құлшына іске кірісетін, жігерімізді жанып, санамыз бен өмірімізді өзгертетін сәт тағы туып тұр. Ұлы тарих Кемел келешекке жетелейді», – деп аяқтайды.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысқан Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, «Нұр Отан» партиясының басшылығы мен мүшелері, ғылым, зиялы қауым, ақпарат құралдары және жастар ұйымдарының өкілдері, сарапшылар мен студенттер жаңа басылымға ерекше қызығушылық танытты. Сондықтан да «Тәуелсіздік дәуірі» отандық және шетелдік қалың оқырман қауымды қызықтырар тың туынды болары сөзсіз.