Өз ісінде үздік танылғандар Өзгерістерді басқару бойынша салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасына тәлімгер атанды

22 маусым 2020 ж. 2689 0

19 маусымда «Елбасы Академиясы» КҚ-да Өзгерістерді басқару бойынша салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасының менторлары бас қосты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының бастамасымен Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Бағдарлама жаңа кезеңге шықты. Оқыту бағдарламасымен қатар қатысушылар менторлардың басшылығымен салалық міндеттерді орындауға кірісті.

Жобаға тәлімгер ретінде өз саласындағы үздік атанған тұлғалар  - жетекші бизнесмендер, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысады. 40 - тан астам менторлар бағдарламаға қатысатынын растады: олардың ішінде «Интеграция» халықаралық қорының Басқарма төрағасы,  ҚР экс премьер - министрі Сергей Терещенко; Kusto Group-тің тең иесі және төрағасы  Еркін Тәтішев; Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының президенті  Алмаз Шарман; «Resmi Group» директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәжібаев  және т.б. бар.

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің бағдарламаның бірнеше жобасына жетекшілік етуі салалық командалар жұмысының алдағы кезеңінің маңыздылығын көрсетеді. Менторлардың басты міндеті-салалық командаларға өз бағыттары бойынша жобалық шешімдерді дайындауға көмектесу.

Кездесу барысында жоба Менторлары бағдарламаны жүзеге асыру барысын, сондай-ақ халықаралық стандарттар бойынша менторингтің үздік тәжірибелерін талқылады.

Талқылауға Әсет Исекешев пен «Елбасы Академиясы» КҚ  Бағдарлама үйлестірушісі Гүлмира Раисова қатысты.

Менторинг технологиясын кадрлық менеджментте қолдану Қазақстан үшін де маңызды.  Кездесуде сөз сөйлеген сертификатталған ментор, МСС ICF жаттықтырушысы, Кәсіби менторлар мен жаттықтырушылардың ұлттық федерациясының президенті Александра Пручкер, соңғы жылдары менторинг адам ресурстарын тиімді дамыту мен басқаруда қолданылатын негізгі құралға айналғанын атап өтті. Harvard Business Review басылымы жүргізген зерттеулер сауалнамаға қатысқан әлемдегі ірі корпорациялардың 45 СЕО мамандарының 84%  менторлық құрал өрескел қателерді болдырмауға және сараптама сапасын жылдам арттыруға көмектескеніне сенімді екенін  көрсеткен.

«Туризм, мәдениет және спорт» саласының менторы, «Жібек жолы Компаниясы»  ЖШС директоры Тимур Дүйсенғалиев: «Біз қатысушы  командалармен бірлесе қандай да бір жаңа өнімді әзірлеп қана қоймай,  қосылған құн тізбегі мен жобаны енгізудің жаңа моделін  қалыптастыра алатынымызды байқадық. Команданың басты мақсаты - бәсекеге қабілетті қазақстандық туристік өнімді құру», -деді.

Кездесуге қатысушылар салалық командалардың ұсыныстары мен жұмысы мемлекеттің жаңа экономикалық саясатын іс жүзінде жүзеге асыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, «Өзгерістерді басқару бойынша салалық менеджерлерді даярлау»  бағдарламасына қатысушыларды іріктеу 2020 жылдың 15 ақпанында басталған болатын. Бағдарламаға Нұрсұлтан Назарбаев Қоры бастамашы болды. Бағдарлама ҚР Үкіметінің жобалық офисімен бірлесіп іске асырылуда. Бағдарламаның мақсаты - салалық сарапшыларды тарту және іріктеу, экономиканың негізгі салаларын трансформациялау мәселелерін шешетін өзгерістерді басқару жөніндегі менеджерлер командаларын оқыту және қалыптастыру. Оған 11 сала енгізілді: білім беру, геологиялық барлау, сауда және логистика, өнеркәсіп (оның ішінде жаңа индустрия), құрылыс, өңірлік даму, денсаулық сақтау, медиа индустрия, ауыл шаруашылығы, туризм және су ресурстары. Байқау  қорытындысы бойынша жобаға барлығы 230 қатысушы іріктелді.  Бағдарламаға қатысушылар жыл соңына дейін 40-тан астам салалық міндеттердің шешімін әзірлеуі тиіс.

Түсініктеме қалдыру