Қазақстанның тұңғыш Президенті «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесіне ие болды

27 тамыз 2020 ж. 19529 0

Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған арнайы сессиясында жарияланды.

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының (ЯСЖТШҰ) атқарушы хатшысы Лассина Зербо Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құрудағы жаһандық күш-жігерге жетекшілік кезіндегі ерекше тарихи үлесін ескере отырып, Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа мәртебе беру туралы бастама көтерді. Елбасының 1991 жылы 29 тамызда әлемнің ең ірі ядролық полигондарының бірі – Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі адамзат тарихындағы бұрын-соңды болмаған ядролық сынақтарға алғашқы заңды тыйым ретінде ғана емес, сонымен бірге Халықаралық күнді белгілеу үшін маңызды негіз болды.

Бастамашылардың болжауынша, «Чемпиондар» ЯСЖТШ-ға қол қоймаған мемлекеттермен мақсатты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, олар ЯСЖТШ-пен ынтымақтастықтың артықшылықтары туралы түсініктерін жақсарту, сондай-ақ Қазақстанның ядролық инфрақұрылымын өз еркімен бөлшектеу секілді озық тәжірибелерімен бөліседі.

БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясының барысында Елбасы Н.Назарбаевтың іс-шара қатысушыларға үндеуін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді оқыды.

«1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан планетадағы ең қуатты ядролық қарудың төртінші арсеналынан бас тарту шешімін өз еркімен таңдады. Тарих бұл қадамның дұрыстығын растады – біз жарқын мысалмен бейбіт жолмен прогресс пен өркендеуге бет алуға болатынын көрсеттік», - деп атап өтті Елбасы өз үндеуінде.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті халықаралық қоғамдастыққа Қазақстанның үлгісімен жүруге және ядролық ессіздікті тоқтату үшін күш біріктіруге шақырды. «Мен Америка Құрама Штаттары, Ресей, Қытай және Еуропалық Одақтың басшылары планетаның болашағы үшін ерекше жауапкершілікте деп санаймын. Егер осы төртжақты форматта саммит өтетін болса, онда оның басты тақырыптарының бірі ядролық қаруды кезең-кезеңімен және пропорционалды түрде қысқарту туралы көпжақты келісімді әзірлеу болуы керек деп сенемін. Қазақстан осы саммитке өз алаңын ұсынуға дайын», - деді Елбасы өз үндеуінде.

БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясы барысында БҰҰ-ға мүше мемлекеттерден, беделді халықаралық ұйымдардан және ҮЕҰ-дан, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарынан және азаматтық қоғамнан 300-ге жуық қатысушылары ЯСЖТШ-тің ерте күшіне енуді қамтамасыз ету арқылы ядролық сынақтарға түпкілікті тыйым салу жөніндегі қазіргі күш-жігерді бағалап, мазмұнды пікір алмасты.

Бас Ассамблеяның отырысына қатысушылар Қазақстанға ядролық қаруды таратпаудағы жетекші рөлі үшін алғыс білдіре отырып, бұл мәселені халықаралық қоғамдастықтың назарында ұстаудың, сондай-ақ көпшілік жыл сайынғы Қазақстан бастамашылық ететін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін тойлаудың түбегейлі маңыздылығын атап өтті.

Дереккөз gov.kz

Түсініктеме қалдыру