ӘЭСИ сарапшысы: "Қазақстанның әлемдік антиядролық қозғалыстағы көшбасшылығы халықаралық қауымдастықпен кеңінен мойындалды"

28 тамыз 2020 ж. 18955 0

29 тамызда атап өтілетін Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай 27 тамызда ұйымдастырылған БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясында Елбасы «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион»  мәртебесіне ие болды.

Бастама авторы  - Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының (ЯСЖТШҰ)  атқарушы хатшысы Лассина Зербо,  ол Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығы кезіндегі Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру жөніндегі жаһандық күш-жігер танытудағы тарихи үлесін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Сарабеков Жұмабек еліміздің ірі ядролық арсеналдардың бірінен өз еркімен бас тартуы, Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құру жөніндегі белсенді жұмыс, жаһандық қарусыздану күн тәртібін ілгерілету жөніндегі ауқымды күш – жігер, әсерлі бітімгершілік жетістіктер-осының бәрі еліміздің бейбітсүйгіш саясатының визит карточкасы болды деп санайды.

Сарапшы пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаевқа осы жоғары мәртебені беру оның жаһандық бейбітшілікті нығайту ісіндегі ерекше еңбегін кезекті мойындау болды. Семей полигонын жабу және ядролық арсеналдан бас тарту туралы тарихи шешімнен басқа, Елбасы активінде қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін шешу бойынша жүйелі және жемісті жұмыс бар екенін атап өткен жөн.

Мысалы, Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан соңғы онжылдықта ядролық қаруды таратпау режимін нығайту бойынша елеулі жұмыс атқарды. Қазақстан аумағында МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран Банкін ашуды мысал ретінде айтуға болады, бұл ҚР-ның уранды бейбіт мақсатта қауіпсіз пайдалануға қосқан үлкен үлесі.

Сондай-ақ, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету кезеңінде Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты (ЯСЖТШ)  тиімді орындау мәселелері әлемдік күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі болды.

Бұл тұрғыда жаһандық ауқымдағы бітімгер-саясаткер мәртебесін беру Назарбаев үшін әбден заңды және лайықты оқиға.

Сонымен қатар, Қазақстан  Тұңғыш Президентінің БҰҰ Бас Ассамблеясы деңгейінде осындай құрметті мәртебеге ие болуы Тұңғыш Президенттің халықаралық қауіпсіздік саласындағы стратегиялық бастамаларының жоғары өзектілігін көрсетеді.

Бүгінгі таңда ядролық қару-жарақты бақылау жөніндегі іргелі келісімдердің күйреуі орын алуда, әлемде қару-жарақтың түбегейлі жаңа буындары пайда болуда, қауіпті болжау мүмкін еместігі элементі күрт өсуде.

Мұндай жағдайда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ядролық қауіпсіздік саласындағы бастамалары өзекті бола түсті және БҰҰ мен бүкіл әлемнің заңды мойындауына ие болуда.

Түсініктеме қалдыру