Алматыда Күләш Байсейітова атындағы вокалистер конкурсының жеңімпаздары жарияланды
1-4 наурыз аралығында Алматы қ. Күләш Байсейітова атындағы ІХ Республикалық вокалистер конкурсы өтті. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының қолдауымен 14 жыл өткеннен кейін П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде конкурс ұйымдастыру идеясы қайта жаңғырды.
Алғаш рет вокалистер конкурсы 1975 жылы өткізілген еді.
Конкурсқа еліміздің барлық аймақтарынан музыкалық оқу орындарының студенттері мен кәсіби опера орындаушылары және 16-32 жас аралығындағы 100-ден аса жас орындаушы қатысты.
Музыкалық сайыстардың мақсаты – үздік жас опера орындаушыларын анықтау және қолдау. Сонымен қатар ұйымдастырушылар Қазақстанның ұлттық музыка мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан танымал өнер қайраткерлерінің есімдерін қайта жаңғыртып, оларды жастар арасында дәріптеуді көздейді.
— Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының арқасында Күләш Байсейітова атындағы конкурсты қайта жаңғырту - бұл еліміздің музыкалық білім беру ортасындағы бірегей құбылыс. КСРО-ның халық әртісі Күләш Жасынқызының таланты мен еңбегінің алдында жоғары жауапкершілікті сезіне келе, біз осы жобаны жүзеге асыру үшін бар күшімізді салдық. Конкурстың ұйымдастыру комитеті үлкен дайындық жұмысын жүргізді. Конкурсқа қатысушыларды іріктеу төрт айдай өтті. Ең мықты деген әрі талантты орындаушылар төрт күн бойы конкурс лауреаттары атағы үшін күресе отырып, өздерінің вокалдық шеберліктерін көрсетті, - деді П. Чайковский атындағы АМК директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев.
Конкурсанттардың өнеріне түрлі жылдары бұл конкурстың лауреаттары болған, еліміздің опера өнерінің танымал қайраткерлері баға берді. Олардың арасында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Даурбаева, ҚР халық әртістері Ғафиз Есімов және Базарғали Жаманбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Тұңғыш Президент Қоры сыйлығының лауреаты Азамат Жылтыркөзов болды.
Айта кетерлігі, конкурс аясында әділ-қазылар концерттер берді және шығармашылық сайыстың қатысушыларымен тәжірибелерін және білімдерін бөлісе отырып, шеберлік-сабағын өткізді.
Гран-при иегерлері мен конкурс лауреаттарының есімдері 4 наурыз күні конкурстың салтанатты жабылу рәсімінде аталды. Гран-при иегерлері: жоғары топта - Абай атындағы МАОБТ солисті Балуан Беркенов, кіші топта - Шымкент музыкалық колледжінің студенті - Нұрқанат Тапиев.
Қалған лауреттардың есімдерімен қосымшадан танысуға болады.
Конкурс жыл сайынғы жоба болады және халықаралық мәртебе алады деп жоспарлануда.
ҚР Тұңғыш Президент Қорының баспасөз қызметі
PR-менеджер Артур Жұмашев
+7 (727) 220-92-16, +7 (708) 960-56-13
a.zhumashev@fpp.kz, www.fpp.kz
Фотограф: Виталий Ткач