news-img

Атырауда халықаралық әлеуметтік бизнес күніне орай форум өтіп, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жөнінде пікірталастар болды. Іс-шараны "Әлеуметтік бағдарламалар және инновациялар Қоры" ҚҚ ұйымдастырды. Форумның мақсаты әлеуметтік кәсіпкерлік пен азаматтық бастамалар көшбасшыларының рөлін арттыру.
 
Кездесу аясында мемлекеттік сектор өкілдері, әлеуметтік бастамалардың көшбасшылары мен ҮЕҰ саласындағы сарапшылар әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік және өңірлік шараларын кеңінен талқылады, бизнес пен коммерциялық емес қорлардың әлеуметтік саланы дамытуға атсалысуының тиімді үлгілерін қарастырды, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың қазіргі үрдістері мен әдіс-тәсілдері тақырыбында пікір алмасты.
 
Форумда спикер ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жобаларының аға үйлестірушісі Гүлнәр Ершиманова сөз алды. Іс-шараны ұйымдастырушылар мен қатысушылар біздің Қордың әлеуметтік және әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы сараптамалық тәжірибесіне қызығушылық танытты.
 
Бұған қоса, биылғы әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауы мен жәрмеңкесінің нәтижелері ұсынылды. Айта кетейік, биыл Қордың гранттары құқықтық құзыреттерді дамытуға, цифрлық теңсіздікті төмендетуге және қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға бағытталған 11 әлеуметтік жобаға берілді.
 
— Жәрмеңкенің маңызды бағытының бірі Қазақстанда қарқын алып келе жатқан әлеуметтік кәсіпкерлік болды. Бұл бағыт аясында әлеуметтік түйткілдердің инновациялық шешімдерін қолдауда үлкен мүмкіндіктер бар. Мұндай жобалардың тұрақты болуына мүмкіндік мол. Бұл сала біртіндеп жетілу кезеңіне жеткен сайын біз әлеуметтік кәсіпкерліктің қоғам мәселесін шешуге арналған инновацияларды жеделдету үшін қолдағы ресурстарды жұмылдырып, тиімді пайдалана алады деп ойлаймыз, — деді Гүлнәр Ершиманова.
 
Сөз соңында Гүлнәр Орынбасарқызы форумға қатысушылар мен қонақтарды Нұрсұлтан Назарбаев Қорының бағдарламалары мен жобаларына қатысуға шақырды.

Түсініктеме қалдыру